Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Таразда «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік іс-шаралары өткізілуде

0

Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» Қағидаты және «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында білім беру ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және өзге де мекемелермен бірлескен кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, шаһардағы білім бөлімі мен жалпы білім беретін мектептердің мәліметтері негізінде оқушылар үшін қауіп төндіруі мүмкін қараусыз қалған нысандарға тұрақты түрде талдау жүргізіліп келеді. Алғашқы зерделеу барысында осындай 36 нысан анықталса, бүгінгі таңда олардың саны 15-ке дейін қысқарған. Бұған бірқатар нысанның қайта жаңғырып, қауіпсіз жағдайға келтірілуі себеп болған. Қауіпті нысандар қатарына құрылысы тоқтап қалған, бұзылған немесе меншік иесі анықталмағандықтан қараусыз қалған кешендер енгізілген. Мұндай орындар балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, олардың жай-күйі бақылауда ұсталып, тиісті шаралар қабылдануда.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу және түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік іс-шаралары үздіксіз ұйымдастырылуда. Мәселен, 2026 жылдың басынан бері қалалық полиция басқармасымен бірлесіп 19 рет рейд өткізілген. Бұдан бөлек, түрлі кезекшілік және профилактикалық жұмыстар да қосымша жүргізілуде. Аталған шараларға полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен қатар Тараз қалалық Жастар орталығының, қала әкімдігі мен білім бөлімінің өкілдері қатысып, жалпы саны 332 қызметкер жұмылдырылған.

Рейд барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде жүруі, кафе мен мейрамханаларда еңбек етуі және өзге де заң талаптарын бұзу деректері назарға алынады. Жыл басынан бергі сегіз айда жүргізілген рейдтер нәтижесінде анықталған жасөспірімдердің тізімі жасақталып, тиісті білім беру ұйымдарына жолданған. Қазіргі уақытта аталған оқушылар мектепішілік бақылауға алынып, олармен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.