Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қорғау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу айрықша маңызға ие.
Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Таразда «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында білім беру ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және өзге де мекемелермен бірлескен кешенді жұмыстар жүргізілуде.


Атап айтқанда, шаһардағы білім бөлімі мен жалпы білім беретін мектептердің мәліметтері негізінде оқушылар үшін қауіп төндіруі мүмкін қараусыз қалған нысандарға тұрақты түрде талдау жүргізіліп келеді. Алғашқы зерделеу барысында осындай 36 нысан анықталса, бүгінгі таңда олардың саны 15-ке дейін қысқарған. Бұған бірқатар нысанның қалыпқа келтіріліп, қауіпсіз жағдайға келтірілуі себеп болған. Қауіпті нысандар қатарына құрылысы тоқтап қалған, бұзылған немесе меншік иесі анықталмағандықтан қараусыз қалған кешендер енгізілген. Мұндай орындар балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, олардың жай-күйі бақылауда ұсталып, тиісті шаралар қабылдануда.


Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу және түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік іс-шаралары үздіксіз ұйымдастырылуда. Мәселен, 2026 жылдың басынан бері қалалық полиция басқармасымен бірлесіп 19 рет рейд өткізілген. Бұдан бөлек, түрлі кезекшілік және профилактикалық жұмыстар да қосымша жүргізілуде. Аталған шараларға полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен қатар Тараз қалалық Жастар орталығының, қала әкімдігі мен білім бөлімінің өкілдері қатысып, жалпы саны 332 қызметкер жұмылдырылған.


Рейд барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде жүруі, кафе мен мейрамханаларда еңбек етуі және өзге де заң талаптарын бұзу деректері назарға алынады. Жыл басынан бергі сегіз айда жүргізілген рейдтер нәтижесінде анықталған жасөспірімдердің тізімі жасақталып, тиісті білім беру ұйымдарына жолданған. Қазіргі уақытта аталған оқушылар мектепішілік бақылауға алынып, олармен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.


Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау да басты назарда. Осыған орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы №235 бұйрығымен бекітілген білім беру ұйымдарына және олардың аумағына әкелуге тыйым салынған, пайдаланылуы шектелген бұйымдар мен заттардың тізбесі негізге алынған. Қазіргі таңда оқушылар, педагогтер мен ата-аналар арасында аталған талаптарды сақтау жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мектеп аумағында қауіпті және тыйым салынған заттарды алып жүруге жол берілмейтіні ескертілуде.


Оқу жылының басталуына байланысты ұйымдастырылып жатқан ата-аналар жиналыстарына учаскелік полиция инспекторлары, мобильдік топ мүшелері мен прокуратура қызметкерлері де қатысуда. Кездесулер барысында жасөспірімдердің қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың алдын алу, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі және заң талаптарын сақтау мәселелері кеңінен түсіндіріледі. Сонымен бірге келісілген жоспарға сәйкес мектептерде аптасына бір рет мектепішілік рейдтер өткізіліп тұрады.


Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде білім беру ұйымдарында қауіпті заттарды анықтау бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2026 жылдың басынан бері Нарғозы Данаев атындағы №51 орта мектеп пен №56 орта мектептің педагогтері оқушылардан өткір, үшкір заттарды, соның ішінде жиналмалы пышақ тәрізді бұйымдарды анықтап, полиция инспекторларына тапсырған. Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша полиция бөлімдерінде тиісті анықтау және тергеу шаралары жүргізілген. Ал мұндай профилактикалық жұмыстың оң нәтижесін бұған дейін, яғни 2025 жылы №38 орта мектептің әкімшілігі де көрсеткен болатын.


Бұдан бөлек, мектептерде оқушылардың бағалы смартфондарды пайдалануына қатысты да ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ата-аналар жиналыстарында балалардың білім беру ұйымдарына қымбат смартфондар алып келмеуін қадағалау қажеттігі ескертіліп, бұл бағыттағы бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар берілуде.
Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек бақылау мен шектеу шараларымен шектелмейді. Олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, спортқа баулу, отбасылық құндылықтарды нығайту да құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетігі саналады. Осыған орай 2025–2026 жылдарға арналған «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында білім бөліміне қарасты мекемелерде 4–11-сынып оқушылары мен олардың ата-аналарының қатысуымен мектептен тыс уақытта және демалыс күндері түрлі спорттық кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, гандбол, футзал, волейбол, «Көңілді эстафета» және басқа да спорттық жарыстар өткізіліп, оларға 50-ден астам отбасы мен 2 мыңнан аса оқушы қатысты.


Сондай-ақ жоба аясында 8–11-сыныптардың мыңнан астам оқушысы «Айбын–2026» әскери-спорттық байқауына қатысып, өздерінің спорттық дайындығы мен командалық қабілеттерін шыңдады. Мұндай шаралар жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырумен қатар, тәртіпке, ұйымшылдыққа және салауатты өмір салтына баулуға ықпал етеді.


Жалпы, Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстардың барлығы жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және мектеп пен ата-ана арасындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Өйткені бала қауіпсіздігі – тек білім беру ұйымдарының немесе құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ал заң талаптарын құрметтейтін, қауіпсіздік мәдениеті қалыптасқан орта құру – «Заң мен тәртіп» қағидатының өміршеңдігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.