Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Әйел мен балаға құрмет – қауіпсіз қоғамның басты кепілі

0 25

Өркениетті қоғамның ең басты өлшемдерінің бірі – адам құқықтарының сақталуы. Оның ішінде әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты. Себебі отбасының тыныштығы – қоғамның тұрақтылығының, ал бала қауіпсіздігі – елдің жарқын болашағының кепілі. Соңғы жылдары Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданып, нақты институционалдық тетіктер қалыптасты. Мемлекет бұл мәселеге тек құқық қорғау тұрғысынан ғана емес, отбасы институтын нығайту, қоғамдық сана қалыптастыру және профилактикалық жұмыстарды күшейту арқылы кешенді түрде қарап келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы бағытта қабылданған заңнамалық өзгерістер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» қағидаты мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ұстанымына айналуы тиіс деген талап қойылып отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл облысында да жүйелі жүзеге асырылуда. Өңірде отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік, қоғамдық ұйымдар және әлеуметтік мекемелер бірлесіп жұмыс атқаруда.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, отбасы – мемлекеттің ең маңызды әлеуметтік институты. Сондықтан әрбір шаңырақтағы татулық пен өзара сыйластық елдің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді. Аймақ басшысы өңірде қазіргі таңда 338 мыңнан астам отбасы тұратынын, оның ішінде 48 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар екенін атап өтті. Бұл көрсеткіш бір жағынан өңірдегі демографиялық өсімді көрсетсе, екінші жағынан мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен отбасы саясатын одан әрі жетілдірудің маңызын айқындайды.

Сонымен қатар облыста әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар да бар. Бүгінде «дағдарысты» және «аса күрделі» санатқа жататын отбасылар саны 92 мыңға жеткен. Бұл дерек тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау бағытындағы жұмыстарды күшейтудің қажеттігін көрсетеді.

Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау туралы заңның тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тек заңмен шектелмеуі тиіс. Ең алдымен қоғамда зорлыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптасуы қажет. Осы мақсатта өткен жылы облыстық полиция департаментінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылып, өңірдегі Отбасын қолдау орталықтары мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының жұмысы күшейтілді. Бұл мекемелерде әйелдер мен балаларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілуде.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Мүтәлі Әбутәліп те заңнамалық өзгерістердің нақты нәтижелеріне тоқталды. Олардың айтуынша, заң күшейгеннен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары құқық қорғау органдарына жиі жүгіне бастаған. Бұл азаматтардың мемлекетке деген сенімінің артқанын көрсетеді. Әсіресе жәбірленушілердің өз құқықтарын қорғау тетіктерін еркін пайдалана бастауы қабылданған реформалардың тиімділігін дәлелдейді.

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда заңнамалық өзгерістердің оң нәтижелер бергенін айтты. Оның мәліметінше, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап полиция жәбірленушінің арызын күтпей-ақ құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда іс қозғай алады. Сонымен бірге соттағы татуласу рәсіміне шектеулер енгізіліп, құқық бұзушыларға қолданылатын әкімшілік жазалар қатаңдатылды.

2024 жылдан бастап ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілері қайтадан қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды. Бұдан бөлек, агрессорлардың мінез-құлқын түзетуге бағытталған міндетті психологиялық бағдарламалар заң жүзінде бекітілді. Мұрат Қабденовтің айтуынша, осы шаралардың нәтижесінде өткен жылы тұрмыстық жанжалдарға қатысты полицияға келіп түскен хабарламалар саны 17 пайызға азайып, аса ауыр қылмыстар 11 пайызға төмендеген.

Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Шайқалмаған шаңырақ» бағдарламасы. «Intellect7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Маржан Еликулова таныстырған бұл жоба ұлттық құндылықтарға негізделген берік отбасы моделін қалыптастыруды көздейді. Бағдарлама аясында жастарды отбасылық өмірге дайындау, ерлі-зайыптылардың жауапкершілігін арттыру, отбасылық жанжалдардың алдын алу және бала тәрбиесін күшейтуге ерекше назар аударылады.

Тараз қалалық Отбасын қолдау орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғали өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларды әлеуметтік сүйемелдеудің тиімді тәжірибесіне тоқталды. Оның айтуынша, мәселені ушықтырмай тұрып анықтау – зорлық-зомбылықтың алдын алудың ең нәтижелі жолдарының бірі.

Бүгінде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Әрбір азамат зорлық-зомбылыққа бейжай қарамай, құқық бұзушылықтың алдын алуға өз үлесін қосқанда ғана қауіпсіз қоғам қалыптасады. Себебі әйелге құрмет көрсетілген, баланың құқығы қорғалған, отбасының берекесі сақталған мемлекет қана тұрақты дамып, жарқын болашаққа нық қадам басады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.