13 секундта қарсыласын нокаутқа түсірген полицейді әріптестері әуежайдан күтіп алды
Атырау облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Елдар Отаралыны әріптестері әуежайдан арнайы күтіп алып, жеңісімен құттықтады.
Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында өткен NAIZA Diamond Fight Night халықаралық турнирінде Елдар Отаралы 61 келі салмақта ел намысын қорғады.
Жекпе-жек барысында атыраулық спортшы қытайлық қарсыласына айқын басымдық танытып, кездесуді бірінші раундтың небәрі 13-секундында нокаутпен аяқтады.
Осылайша, полиция қызметкері халықаралық аренада шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, Қазақстанның көк туын биікте желбіретті.
Жеңімпаз спортшыны Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Ешманов бастаған әріптестері әуежайдан арнайы күтіп алды. Полицейлер спортшыны жеңісімен құттықтап, оның жетістігімен мақтанатынын жеткізді.
Елдар Отаралы үшін қызмет пен спортты қатар алып жүру – үлкен жауапкершілік. Арнайы жасақ қызметкері күнделікті қызметтік міндетін атқарумен қатар, спорттағы шеберлігін шыңдап келеді.
Полиция департаментінің өкілдері оның бұл жеңісін ұжым үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды жетістік екенін атап өтті.
Полицейдің халықаралық додадағы жеңісі – табандылық пен еңбектің нәтижесі. Ел намысын абыроймен қорғаған спортшының жетістігі жас тәртіп сақшыларына да үлгі болары сөзсіз.