Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу: ата-ана, мектеп және құқық қорғау органдарының ортақ міндеті
Бала тәрбиесінің тізгінін тал бесіктен босатпау керек екенін барша жұрт біледі. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген аталы сөзі осы ұғымды айқын дәлелдейді. Әйткенмен, қазіргі қоғамда өсіп келе жатқан жас өскіннің қателікке бой алдыруы – әуел бастан жауапкершілікті сезінбеуден басталатынын шын түсінетін ата-ана аз. Көп жағдайда әке-шеше баласының киімі бүтін, қарны тоқ болса жеткілікті деп ойлайды. Алайда тәрбиенің басты өлшемі – баланың еркіндігі мен бос уақытының қалай өтетінін қадағалау, оның ортасына назар аудару екенін көпшілігіміз ескере бермейміз. Мұны көне шаһардың көшелерінде түнделетіп жүретін жасөспірімдердің көптігінен анық байқауға болады.
Сырт көзге жасөспірімдердің сауық-сайран құрып, тұрғын үйлердің ауласында шүйіркелесуінде тұрған ештеңе жоқ сияқты. Дегенмен көптеген көңілді отырыстың соңы қайғылы аяқталып, көше кезген бала қателікке ұрынбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Әсіресе, интернет пен әлеуметтік желінің ықпалына оңай берілетін қазіргі буын өз ортасының қысымына бейім келеді. Біреудің шақыруынан қалғысы келмейді, өзгеден қалыспау үшін қауіпті қадамдарға барады. Осындай бейқамдықтың соңы жанжалға, төбелеске, тіпті ауыр қылмысқа ұласатыны жасырын емес.
Осыған байланысты жуырда жамбылдық тәртіп сақшылары жеті түнде жортып жүретін жасөспірімдерге тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл – кездейсоқ ұйымдастырылған шара емес, жүйелі жоспарға сәйкес өткізілген кезекті профилактикалық іс-шара. Полицейлердің айтуынша, мұндай рейдтердің басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, заңсыз әрекеттердің жолын кесу және олардың қайталануына жол бермеу.
Рейд аясында ойын-сауық орындары, дәмханалар, түнгі клубтар, саябақтар мен тұрғын үй-жайлардан тыс жерлер тексерілді. Жасөспірімдердің алкогольдік ішімдік, темекі және өзге де тыйым салынған заттарды пайдалануына, сондай-ақ оларға мұндай өнімдерді заңсыз сатуға жол бермеу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Бұл ретте тек жасөспірімдердің өзіне ғана емес, оларды қараусыз қалдырған ата-аналарға да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң аясында шара қолданылды.
Бір ғана тәуліктік рейдтің қорытындысы алаңдатарлық. Полицейлер кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының бірнеше дерегін тіркеді. Соның нәтижесінде 48 жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізіліп, олардың ата-аналары шақырылды. Барлығы 43 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, іс-шара барысында 87 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде ата-аналық міндеттерін тиісті деңгейде орындамаудың 7 фактісі тіркелді.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған 3 жеткіншектің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болғаны белгілі болды. Бұл жағдайға жол берген кәсіпкерлер тарапынан 2 бұзушылық тіркелді. Тағы бір кәсіпкер 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге алкоголь өнімін сатқан. Мұндай заңсыздық үшін ол да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда көптеген ата-ана балаларының бос уақыты мен өз ортасындағы байланыстарына тиісті назар аудармайды. Кейбірі жұмыстан қолы тимегендіктен, енді біреуі «қазіргі заманның балалары өздігінен өсіп-жетілсін» деген қате түсінікке сүйеніп, тәрбиелік жауапкершіліктен қашады. Мұндай бейқамдықтың соңы – кәмелетке толмаған ұл-қызының болашағына балта шабу.
Полиция деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері ішкі істер органдарына 6 мыңға жуық кәмелетке толмағандар жеткізілген. Бұл – ресми тіркелген дерек қана. Олардың әрқайсысының тағдырының артында ата-ананың бейқамдығы, қоғамның селқостығы тұрғанын ескеруіміз керек. Осы кезеңде 8862 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаудың – 726, қорқытып-үркітудің – 17 фактісі тіркелген.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген кәсіпкерлер тарапынан 154 заң бұзушылық анықталды. Бұл – тексерудің нәтижесінде белгілі болған ресми деректер ғана, ал күнделікті тұрмыста мұндай фактілердің бұдан да көп болуы мүмкін. Сонымен қатар жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттері үшін 159 заңды өкіл жауапкершілікке тартылған. Ал 26 ата-ана өз баласының ішімдік ішкені үшін айыпты деп танылды. Ең сорақысы, заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23:00-ден кейін кәмелетке толмағандардың тұрғын үйден тыс жерде жүргені үшін 4853 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылған.
Бұл сандар – жай ғана статистика емес, қоғамның қасіретті шындығы. Әрбір көрсеткіштің артында нақты тағдыр, адасқан бала, көз жасына ерік берген ата-ана бар. Сондықтан жеті түнде жүгенсіз жүрген жасөспірімдерді жөнге салу, көңіл көтеру орындарына заң талаптарын орындату – оңай шаруа емес. Бұл ретте ювеналдық полиция қызметкерлері жоспарға сай рейд жүргізіп, тиісті рұқсат қағаздарын талап етіп келеді. Дегенмен, тек полицейдің жұмысына иек артып қою жеткіліксіз. Егер отбасы мен қоғам тарапынан қалыптасқан құқықтық сана болмаса, полицияның түсіндіру жұмыстары да нәтижесіз болады.
Ашығын айтқанда, бүгінде құқық қорғау қызметкерлерінен де қаймықпайтын кәмелетке толмағандар бар. Бұл – олардың санасында заңнан емес, ата-анасынан қорқу, үлкенді сыйлау сезімінің қалыптаспағанын көрсетеді. Осындай сәттерде бала тәрбиесінде кеткен олқылық анық сезіледі. Өкінішке қарай, ұл-қызына қаталдық танытпайтын, олардың ісіне бейқам қарайтын әке-шешелердің кесірінен «жарғанат» жастардың қатары сиремей тұр.
Қоғамтанушылардың пікірінше, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді: ата-ананың бақылауының төмендеуі, бос уақытты тиімді өткізуге жағдайдың жеткіліксіздігі, әлеуметтік желілердегі теріс ықпалдар, агрессивті контент және құрбы-құрдастың қысымы. Мұның бәрі бір арнаға тоғысқанда жасөспірімнің ой-өрісін бұлдыратып, оны қате қадамға жетелейді.
Осы орайда ата-анаға артылар жауапкершілік зор. Бала тәрбиесі тек мектептің немесе полицияның міндеті емес. Ұрпақ тәрбиесі – отбасынан бастау алады. Әке-шеше баласымен сырласуды әдетке айналдырса, оған сенім білдіріп, әрбір іс-әрекетіне бағыт-бағдар берсе, жасөспірімнің түн ортасында көше кезуі де, қате қадамға баруы да азаяр еді.
Қорытындылай келгенде, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – бір күндік шаруа емес, ол – жүйелі, кешенді жұмысты талап ететін ұзақ үдеріс. Бұл жолда полиция, мектеп, ата-ана және бүкіл қоғам бірігіп әрекет еткенде ғана нәтиже береді. Әйтпесе, бүгінгі бейқамдық ертеңгі күні орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін.