Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Жамбыл облысында тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты қалпына келтірілуде

0 79
Мемлекеттік аудит кезінде 186 миллиард 375,3 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың заңдылығы тексерілген

Жамбыл облысында заңсыз және тиімсіз пайдаланылған қаржыларды қалпына келтіру, бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Тұрлыбековтың айтуынша, өткен жылы мемлекеттік аудит объектілерінің жылдық тізбесіне сәйкес 16 мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары жүзеге асырылған. Сондай-ақ, 2023 жылғы облыстың, Тараз қаласының, аудандардың бюджеттерінің орындалуын кейіннен бағалауға және өңірде Арт-спорт бағдарламасын іске асырудың тиімділігіне сараптамалық-талдау іс-шаралары жүргізілген.

«Мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары 57 мемлекеттік аудит объектісінде жүргізілді. Сондай-ақ, үстеме тексерумен 62 мемлекеттік аудит объектісі қамтылды. Мемлекеттік аудит кезінде 186 миллиард 375,3 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың заңдылығы тексерілді. Жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесінде 115 миллиард 892,0 миллион теңгенің бұзушылықтары, 613 бірлікті құрайтын рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар және 16 бірлік жүйелік проблемалар мен кемшіліктер анықталды. Тарқатып айтсақ, 38 миллиард 700,2 миллион теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылық, 53 миллиард 940,5 миллион теңгені құрайтын тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері, 3 миллион 877,7 миллион теңгеге тең бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлау, 19 миллиард 373,7 миллион теңге көлемінде қаржылық есептілік аудитін жүргізу кезінде анықталған қаржылық есептіліктің бұрмалануы орын алғаны мәлім болды», деді Нұржан Шалғынбайұлы.

Атап айтқанда бюджетке түсетін түсімдер бойынша 348,3 миллион теңге, бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдалану кезінде 32 миллиард 212,0 миллион теңге, бухгалтерлiк есепті жүргізу кезінде 6 миллиард 139,9 миллион теңге құқықбұзушылықтар анықталған.

Ықтимал шығындар және бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану кезінде жіберіп алған пайда – 1 миллиард 835,2 миллион теңге. Бюджет қаражатын пайдалану кезінде бюджет заңнамасының бұзушылықтары бойынша 50 жағдай тіркелген. Сол секілді бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде – 45, қаржылық есептілікті жасау кезінде – 35, құрылыс және қала құрылысы саласында – 176, мемлекеттік сатып алу саласында – 148, өзге де салалық заңнаманың бұзушылықтар бойынша 159 дерек анықталған. Рәсімдік бұзушылықтар саналатын ианықталған қаржылық есептіліктің бұрмалануы 7 миллиард 612,3 миллион теңгені құрайды.

Жалпы жүргізілген мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларының қорытындылары бойынша есепті кезеңде Тексеру комиссиясының 16 қаулысы қабылданған екен. Аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және кемшіліктерге жол берген лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігін қарау жөнінде мемлекеттік аудит объектілеріне 63 нұсқама жолданған.

«Анықталған бұзушылықтардың ішінде қалпына келтірілуге және өтелуге жататыны 58 миллиард 162,6 миллион теңге. Оның ішінде өтелуге жататыны 8 милииард 142,5 миллион теңге болса, қалпына келтірілуге жататыны 50 миллиард 20,1 миллион теңге. Бүгінгі күнге осы қаражаттың 22 миллард 744,3 миллион теңгесі қалпына келтірілген және өтелген. Қалпына келтіруге және өтелуге жататын 35 миллиард 418,3 миллион теңгенің орындалу мерзімдері келмеген. Алайда әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға жолданған, сотқа талап қоюға бастамашылық жасау туралы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік аудит объектілерінің 121 қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тарқатып айтсақ, 82 ескерту, 37 сөгіс, 1 қатаң сөгіс және 1 лауазымын төмендету шаралары қолданылды. Сонымен қатар, 168 қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 52,3 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», дейді Н.Тұрлыбеков.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.