16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салынбақ

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларды әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салу ұсынылды.
Бұл норма онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобаларында қарастырылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құрылтай құжаттарды бірінші оқылымда мақұлдады.Заң жобалары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
Құжатқа сәйкес, жедел хабар алмасу сервистерін қоспағанда, 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларды әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салу көзделіп отыр. Сонымен қатар бес мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформалардың пайдаланушылары туралы тізілім жүргізу құзыреті уәкілетті органға беріледі.
Бұдан бөлек, білім беру курстары мен белгілі бір сала бойынша оқыту материалдарын тарататын авторларға жаңа талап қойылмақ. Олар өз білімін диплом немесе сертификат арқылы растауға міндетті болады.
Заң жобасында «оккульттік қызметтер» ұғымын енгізу де қарастырылған. Бұл – табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеттерге негізделген қызметтер. Мұндай мазмұндағы материалдарды жариялаған кезде оның ойын-сауық сипатында екені, сондай-ақ ғылыми немесе практикалық тұрғыдан дәлелденбегені туралы ескерту берілуге тиіс.
Айта кетейік, заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Ал ұсынылған нормалар заңнамалық рәсімдерден өткеннен кейін күшіне енеді.