Жазғы демалыста 500 мыңнан астам бала тегін демалады
Биыл жазғы демалыста Қазақстанда 500 мыңнан астам бала жазғы лагерьлерде тегін демала алады.
Жалпы алғанда, жазғы кезеңде түрлі сауықтыру, демалыс және жұмысқа орналастыру бағдарламаларымен 3,1 миллионнан астам баланы қамту жоспарланған. Оның ішінде 500 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы балалар. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тағы 10 мың бала тегін демалу мүмкіндігіне ие болады. Баланы тізімге енгізу үшін ата-аналар мектепке немесе білім басқармасына жүгіне алады.
Жазғы демалыс бағдарламасына еңбекке баулу және шығармашылықпен айналысу, танымдық және туристік бағыттағы сапарлар, зияткерлік және білім беру шаралары, сондай-ақ халықаралық жобалар мен форумдарға қатысу енеді.
«Қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Санитарлық нормалардың, тағам қауіпсіздігінің және судағы, ормандағы, спорт нысандарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Балалардың белсенді әрі қауіпсіз демалу мәдениетін қалыптастыру үшін арнайы жадынамалар, нұсқаулықтар мен гидтер әзірленіп, таратылатын болады», – деді ведомство өкілдері.
Биыл ел аумағында 16 жыл бойы жұмыс істейтін лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь (тамақпен және онсыз), сондай-ақ 512 киіз үй мен шатырлы лагерь жұмыс істейді деп күтілуде.