Жапаров пен Ташиев тандемінің күйреуі. Қырғызстан билігінде не болып жатыр?
Президент пен парламент спикеріне жазылған ашық хат, отставка, ұстаулар мен биліктегі екі достың текетіресі. Кейінгі 35 жылда үш рет революция болған Қырғызстан билігінде не болып жатыр?
10 ақпанда Қырғызстан билігінде «екінші адам» саналатын Қамшыбек Ташиев отставкаға кетті. Президент Садыр Жапаров оны мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы және премьер-министрдің орынбасары қызметтерінен алып тастады.
Президенттің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов Ташиевтің қызметтен алынуы туралы журналистер сауалына жазбаша жауап беріп, Садыр Жапаров бұл шешімді «мемлекет мүддесі үшін, қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында алауыздыққа жол бермеу және бірлікті нығайту мақсатында» қабылдағанын жеткізді.
Германияда ем алып жатқан Қамшыбек Ташиевтің өзі президенттің бұл шешімін күтпеген жағдай деп бағалады. Оның мәлімдемесін оған жақын адам саналатын журналист Нұрғазы Анарқұлов Facebook желісінде жазды.
«Мен ауырып қалып, президенттің рұқсатымен Германияға келгенмін. Бұған дейін жасалған отаға байланысты тексеруден өтуім керек болды. Алайда кеше мені қызметтен босатты, бұл мен үшін күтпеген жағдай. Не болса да, президент шешімін орындауға міндеттіміз. Мемлекет, халық және президент алдында қызметтік міндетімді адал атқардым және оны мақтан тұтамын. Бар болғаны жеке құраммен қоштасуға мүмкіндік берілмегеніне өкініш білдіремін. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің әрбір қызметкеріне алғыс айтып, оларға сәттілік тілеймін. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық сақталуы үшін ешкім заңсыз әрекетке бармауы керек және біздің әрбір әрекетіміз заң аясында жасалуы қажет», – деді Қамшыбек Ташиев өз мәлімдемесінде.