Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Жамбыл облысында отбасы институтын нығайтуға басымдық берілуде

0 17

Өткен сейсенбі күні облыс әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында әлеуметтік тәуекел тобындағы және қолайсыз отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі, FSM Social цифрлық платформасы арқылы келіп түсетін хабарламаларға жедел әрекет ету мәселелері, сондай-ақ өңірдегі Отбасын қолдау орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Комиссия отырысын облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасау үшін Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Төрегелдиевке сөз берді.

Жиын барысында отбасы институтын қолдау және оның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында елімізде жүйелі жұмыстардың бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқаны атап өтілді. Атап айтқанда, Қазақстанда Отбасын қолдау орталықтарын құру жұмыстары 2016 жылы қабылданған 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында бастау алған. Кейін бұл бастама 2022 жылы «Amanat» партиясының Жол картасына енгізіліп, өңірлерде кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады.

Бүгінде Жамбыл облысында «Анаға тағзым» әлеуметтік отбасылық даму орталығы және Тараз қаласы мен облыстың 10 ауданында Отбасын қолдау орталықтары халыққа қызмет көрсетуде. Аталған орталықтар отбасының әл-ауқатын арттыруға, тұрмыстық қиындықтардың алдын алуға, балалардың құқықтарын қорғауға және азаматтарға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.

Халықтан келіп түсетін өтініштер мен түрлі әлеуметтік мәселелерге дер кезінде ден қою мақсатында өңірде мобильді жұмыс топтары құрылған. Олардың құрамында білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары және әлеуметтік қорғау салаларынан жалпы саны 4432 маман қызмет атқаруда. Бұл мамандар әлеуметтік жағдайы төмен немесе қауіп төнуі мүмкін отбасыларға жедел барып, қажетті көмек көрсету жұмыстарын жүзеге асырады.

Биылғы жылдың 1 қаңтары мен 19 маусымы аралығында FSM Social цифрлық платформасына барлығы 1843 хабарлама тіркелген. Оның ішінде 492 хабарлама ішкі істер органдарынан, 395 хабарлама Отбасын қолдау орталықтарынан, ал 370 хабарлама пробация қызметінен жолданған. Қалған хабарламалар білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен басқа да мемлекеттік органдар арқылы түскен.

Комиссия мүшелері ерекше назар аударған мәселелердің бірі – әлеуметтік жағдайы күрделі отбасыларға қатысты тіркелген 820 хабарлама болды. Сараптама нәтижесіне сәйкес, олардың басым бөлігі – 684 жағдай немесе 83,4 пайызы Тараз қаласына тиесілі. Ал Тұрар Рысқұлов және Қордай аудандарында осындай 31 жағдайдан тіркелген. Бұл отбасыларда барлығы 2460 бала тәрбиеленіп жатыр.

Әлеуметтік қызметтердің тиімді жұмысының нәтижесінде 202 отбасы үшін жеке даму жоспарлары әзірленіп, олардың 177-сіндегі мәселелер толықтай оң шешімін тапқан. Отбасыларға кешенді әлеуметтік қолдау көрсетіліп, нақты көмек шаралары жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 509 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен, азық-түлік қоржынымен және отын шығындарын өтеу көмегімен қамтылды. Сонымен қатар 250 азаматқа психологиялық қолдау көрсетіліп, олардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына ықпал жасалды. Тағы 122 адам заңгерлік кеңес алып, құқықтық мәселелер бойынша кәсіби көмекке жүгінді.

Комиссия барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларды қорғауда дағдарыс орталықтарының атқаратын рөлі ерекше екені атап өтілді. Қазіргі таңда облыста алты айға дейін уақытша тұруға мүмкіндік беретін екі дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Оның бірі Тараз қаласында орналасқан 51 орындық орталық болса, екіншісі Қордай ауданындағы 21 орындық орталық. Жалпы сыйымдылығы 72 орындық бұл мекемелерде жыл басынан бері 38 ана мен 109 бала қауіпсіз баспанамен және күніне төрт мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

«Анаға тағзым» орталығы да аналардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған білім беру жобаларын табысты жүзеге асырып келеді. Биылғы жылдың өзінде кондитер, тігінші, SMM маманы, логопед, маникюр және визаж шебері сияқты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып, оны 183 ана сәтті аяқтап, мемлекеттік үлгідегі сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар орталық жанындағы түрлі шығармашылық және дамыту үйірмелеріне 102 бала тұрақты қатысып келеді.

Жиын қорытындысында комиссия нақты шешімдер қабылдады. Қала және аудан әкімдіктері жанындағы комиссияларға полиция органдарының есебінде тұрған қолайсыз отбасыларды ерекше бақылауға алып, профилактикалық жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар Отбасын қолдау орталықтарына FSM Social платформасы арқылы келіп түсетін барлық хабарламалар бойынша жан-жақты мониторинг жүргізу, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жағдайларға жедел әрекет ету міндеттелді.

Бұдан бөлек, аудан әкімдері мен Тараз қаласы әкімінің аталған тапсырмалардың орындалуы жөніндегі есептерін кезең-кезеңімен тыңдау кестесі бекітілді. Бұл жұмыстардың барлығы облыс басшылығының тұрақты бақылауында болады.

Жалпы, отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аналарды қолдау, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың өмір сапасын жақсарту және олардың қоғамдағы орнықты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта өңірде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, әрбір отбасының әл-ауқатын арттыруға, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағыттала бермек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.