Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Қазақтың Қаратайы» тақырыбында еске алу кешін ұйымдастырды.
Еске алу кешіне арнайы Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Жамбыл облысының құрметі азаматтары Ермек Үсенбаев, Қаратай Тұрысовтың інісі Әлімқұл Мәметәліұлы және сыныптасы, Қазақстанның құрметті теміржолшысы Әбдуәлі Данаев, Қ.Тұрысов атындағы №53 орта мектеп директоры Төлеу Салтанат Ерсағатқызы қатысты.
Қонақтар ғалымның ғылымдағы ғұмыры, туған елінің өсуі мен өркендеуі, тәуелсіз ел ретінде қалыптасуы, іргесін бекіту жолындағы сарп еткен еңбектері жайлы кеш қатысушылары — Жамбыл жоғарғы медициналық колледж білімгерлері мен Қ.Тұрысов атындағы білім ошағының оқушыларына жан-жақты айтып жеткізді.
Жүрек толқытарлық естеліктер, Қаратай Тұрысовтың көзі тірі кезінде мемлекетіміздің дамуына іскер басшы, экономист-ғалым, дара бітімді депутат ретінде ерекше еңбек сіңіргені жайында іс-шарада толыққанды айтылды.