Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Облыс әкімі Тараз қаласына қосылған елді мекендердің мәселесімен танысты

0 19
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Тараз қаласын аралуы Жібек жолы ауданындағы бірқатар нысанның жағдайымен танысудан басталды.
Алдымен Сұлутөр тұрғын алқабындағы ұзындығы 1150 шақырымды құрайтын Қарой көшесін аралап көрді. Шағал тас төселген көшеге 2026 жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің сөзінше, биыл көшелерді ағымдағы және орташа жөндеу, қайта жаңғырту бойынша 41 жоба іске асырылады. Байзақ, Жамбыл аудандарынан қосылған елді мекен көшелері қаланың теңгеріміне алынғаннан кейін жол жөндеу жұмыстары қарастырылмақ.
Ербол Қарашөкеев Ә. Әйтиев атындағы орта мектепті аралап шықты. Білім ұясы 1922 жылы бастауыш мектеп болып құрылып, 1983 жылдан бастап 1200 орындық орта мектеп ретінде қайта пайдалануға берілген. Бүгінде 1040 бала білім алуда. Келер жылы мектептің электр және кәріз жүйесін ауыстыру, спорт алаңшасын ағымдағы жөндеу жоспарланып отыр.
Бұдан соң Жібек жолы ауданы әкімдігінің ғимаратына барып, Жалпақтөбе тұрғын алқабындағы 180 орындық мәдениет үйі мен 100 келушіге арналған емхананы тексерді.
Сондай-ақ Әулиеата ауданы Қызыл жұлдыз тұрғын алқабына қарасты мәдениет үйінің, Н. Ақшабаев атындағы орта мектептің және өткен жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияның жағдайымен танысты.
— Тұрғындар әр жерге сабылмай, көрсетілетін қызметтерді бір жерден еш кедергісіз алуы тиіс, – деген Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы әкіміне ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Облыс әкімі аралау қорытындысы бойынша бюджет мүмкіншілігіне қарай, бірінші кезекте халықтың өзекті мәселелерін оңтайлы шешуге басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті.
Сонымен бірге көшелерді жарықтандыру, жол салу, қоғамдық көлік қатынасын реттеу, сондай-ақ саябақтарды қалпына келтіру, қала аумағында тазалық сақтау бойынша жұмысты жүйелеуді жүктеді. Жоспарланған жобалардың сапалы әрі мерзімінде іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.