ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Айдын Оразбаевтың айтуынша, осындай жағдайларда жол апаттарының қаупі едәуір артады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Құрметті азаматтар! Алдағы күндері ел аумағында ауа райының нашарлауы күтіледі: қар жауып, көктайғақ болып, жел күшейіп, жолдарда көріну деңгейі төмендейді.
Ішкі істер министрлігі барлық жүргізушілерді барынша мұқият болуға және көліктерін алдын ала дайындауға шақырады:
доңғалақтардың, тежегіш жүйесінің жағдайын, техникалық сұйықтықтардың деңгейін және қажетті қысқы жабдықтардың бар-жоғын тексеріңіздер», — деді ол.
Министрлік өкілі әсіресе қалааралық және жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге ерекше назар аударуға кеңес берді.
«Әсіресе жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын және қалааралық жолдарға шығатын жүргізушілерге айтарымыз: жылдамдық режимін, арақашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтаңыздар», — деп атап өтті Айдын Оразбаев.
ІІМ азаматтарды ауа райының өзгерісіне бейжай қарамауға және жолдағы қауіпсіздікті бірінші орынға қоюға шақырады.
«Өз өмірлеріңіз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін сақтаңыздар. Жолдағы қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады», — деді Айдын Оразбаев.