Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Алтын шаңырақ – ұрпақ сабақтастығының алтын арқауы

0 19

Отбасы – ұлттың ұйытқысы, қоғамның тірегі, адам баласының өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Қазақ халқы ежелден отбасының бірлігі мен берекесін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін ерекше бағалаған. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі саналатын отбасы институтын нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және шаңырақтың қадір-қасиетін дәріптеу – бүгінгі қоғам үшін де өзекті мәселелердің бірі. Осы бағыттағы игі бастамалар Жамбыл облысында жүйелі түрде жалғасып келеді.

Шаңырақ күніне орай Жуалы ауданында «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» атты тағылымы мол мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Тағылымды кездесудің негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқы үшін қасиетті саналатын шаңырақтың рухани маңызын насихаттау, өнегелі отбасыларды көпшілікке үлгі ету және жастардың бойына ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді сіңіру болды.

Қазақ дүниетанымында шаңырақ – жай ғана баспананың белгісі емес. Ол – бірлік пен ынтымақтың, ұрпақ жалғастығының, береке мен бақтың символы. Сондықтан халқымыз «Шаңырағың биік болсын», «Керегең кең болсын» деп ақ тілегін арнап отырған. Осындай ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

Іс-шараның ашылуында Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп, жиналған қауымды Шаңырақ күнімен құттықтады. Ол отбасы – қоғамның берік негізі екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайтуға, аналарды қолдауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

– Берекелі отбасы – берік қоғамның кепілі. Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрдің сақталуы, адамгершілік құндылықтардың жалғасуы ең алдымен шаңырақтан басталады. Сондықтан өнегелі отбасылардың өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету – аса маңызды, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, көпшілікке үлгі болып жүрген отбасыларды ұлықтау болды.

Солардың қатарында Нұрлыкент ауылдық округінің тұрғындары Медеубаевтар отбасы ерекше құрметке ие болды. Ерлі-зайыптылар жарты ғасыр бойы бір-біріне сүйеніш болып, шаңырақтың түтінін түзу ұшырып келеді. Елу жыл ішінде олар екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 25 немеренің қызығына кенеліп отыр. Бұл отбасының өмір жолы – өзара сыйластықтың, сабырлылықтың және еңбексүйгіштіктің жарқын үлгісі.

Мыңбұлақ ауылдық округінің Жапарбаевтар әулеті де көпшіліктің ықыласына бөленді. Отау құрғандарына қырық жыл толған отбасы қос ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде он немеренің сүйікті ата-әжесіне айналған. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, отбасындағы татулықтың басты кепілі – өзара құрмет, түсіністік және қандай жағдайда да бір-біріне қолдау көрсету.

Көкбастау ауылдық округінің Нұрлыбаевтар отбасы да қырық жылдан бері бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешіп келеді. Олар екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп, бүгінде он бір немеренің қызығын көріп отырған бақытты ата мен әже. Ұзақ жылғы тәжірибелерімен бөліскен олар жастарға отбасы құндылықтарын сақтау, ата-ананы құрметтеу және бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу жөнінде ақыл-кеңестерін айтты.

Ал Бауыржан Момышұлы ауылында тұратын Көбеевтер отбасы жиырма жеті жылдан бері өнегелі өмір сүріп келеді. Олар алты баланы тәрбиелеп өсіріп, еңбекқорлық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп отыр. Серікбаевтар отбасы да жиырма үш жыл бойы жарасымды өмір сүріп, үш баланы тәрбиелеп отырған үлгілі шаңырақ ретінде марапатталды.

Іс-шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген аналардың жетістіктері де ерекше аталып өтті. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астана қаласында өткен республикалық «Аяулы ана» және «Инабатты келін» байқауларында Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері жоғары марапаттарға ие болғаны көпшілікке қуаныш сыйлады.

Атап айтқанда, «Аяулы ана» республикалық байқауында Шарифат Қаниева І дәрежелі дипломмен және арнайы орденмен марапатталса, Зоя Лепесханова да І дәрежелі дипломның иегері атанды. Ал «Инабатты келін» байқауында Ботакөз Теміржанова мен Жансая Олжабай І дәрежелі дипломдармен және арнайы төсбелгілермен марапатталды. Бұл марапаттар – қазақ әйелінің қоғамдағы беделі мен отбасы алдындағы еңбегінің жоғары бағаланғанының айқын көрінісі.

Кездесу барысында шақырылған қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, отбасы берекесін сақтаудың сыры туралы әңгімеледі. Олар бақытты отбасының негізі – сыйластық, сенім, кешірім, жауапкершілік және өзара қолдау екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ жастарға үлкендерді құрметтеу, ата-ананың ақылын тыңдау, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау жөнінде тағылымды кеңестер берілді.

Бүгінде қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеу бұрынғыдан да маңызды. Себебі берік отбасы – тұрақты қоғамның кепілі. Ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттер ең алдымен жанұяда қалыптасады. Бала ата-анасының қарым-қатынасына қарап өседі, үлкеннің өнегесін көріп, өмірлік ұстанымын қалыптастырады. Сондықтан әрбір шаңырақта сүйіспеншілік, мейірім мен өзара түсіністік салтанат құрғанда ғана елдің ертеңі де жарқын болмақ.

Осындай тағылымы мол кездесулер жас ұрпақтың бойында отбасыға деген құрметті арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға зор ықпал етеді. «Алтын шаңырақ» пен «Күміс кереге» атты мәдени шараның басты құндылығы да – өнегелі отбасылардың өмір жолын үлгі ете отырып, жастарды бірлікке, татулыққа, еңбексүйгіштікке және елдік құндылықтарды қастерлеуге үндегенінде. Берекелі шаңырақтар көбейген сайын қоғамның іргесі де нығайып, ұлттық руханиятымыздың тамыры тереңдей беретіні сөзсіз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.