Таразда жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған шаралар күшейтілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруды, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты міндеттердің бірі ретінде айқындайды. Бұл бағыттағы жұмыстар, әсіресе, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Өйткені жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, білім беру ұйымдары, жергілікті атқарушы билік, ата-аналар мен тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігін талап етеді. Осыған орай Тараз қаласында «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Аталған міндеттерді жүзеге асыруда білім беру ұйымдарындағы профилактикалық шараларға басымдық берілген. Қала прокуратурасының өкімімен мектептер мен колледждерде мобильдік топтар бекітіліп, олардың қатысуымен оқушылар мен білім алушылар арасында түсіндіру кездесулері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жоспарға сәйкес мұндай іс-шаралар айына кемінде екі рет өткізілуге тиіс. Бүгінге дейін мобильдік топтардың қатысуымен 495 кездесу өткізіліп, оған 14 625 оқушы қамтылған. Кездесулер барысында жасөспірімдерге заң талаптары, құқық бұзушылықтың салдары, буллинг, бопсалау, зорлық-зомбылық және өзге де келеңсіз әрекеттердің құқықтық жауапкершілігі түсіндіріледі.
Бұл бағыттағы жұмыстың орындалуын бақылау мақсатында қала әкімінің орынбасары, полиция және прокуратура органдарының өкілдері қатысқан жиын да өткізілді. Оған жекеменшік мектептердің басшылары мен мобильдік топ мүшелері шақырылып, атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі назардан тыс қалмауы керектігі, профилактикалық шаралардың формалды сипат алмауы және әрбір білім беру ұйымында нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізілуі қажеттігі атап өтілді. Осы орайда жауапты тұлғаларға аталған бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алу тапсырылды.
Сонымен қатар Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің өкімімен арнайы жұмысшы топ құрылып, мектептерде балалардың қауіпсіздігін бақылау, құқықтық тақырыптарда дәрістер оқу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу жолға қойылған. Білім бөлімі де жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты мәселелерді кеңінен қамту мақсатында бірқатар қоғамдық және танымдық іс-шараларды ұйымдастыруда. Соның бірі – шаһар деңгейінде өткен Аналар форумы. Жас ұрпақ тәрбиесіндегі отбасының рөлін айқындауға бағытталған басқосуда бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, тәрбие мәселелері және қоғамдағы өзекті әлеуметтік проблемалар талқыланды. Бұдан бөлек, буллингтің алдын алу мақсатында оқушыларға арнайы фильмдер көрсетіліп, олардың мазмұны бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен қысым көрсету әрекеттерінің зардаптарын ашып көрсететін «105 мектеп» фильмі білім беру ұйымдарында көрсетіліп, талқылануда.
Білім бөліміне қарасты мектептерде «Заң мен тәртіп – саналы қоғамның негізі» атты онкүндік те өткізілген. Оның аясында құқықтық сауаттылықты арттыруға, қоғамдық келісім мен өзара құрметті нығайтуға арналған кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Этносаралық татулықтың белгісі – достық» тақырыбында барлық мектепте ардагер ұстаздар, полиция қызметкерлері және әкімдік өкілдерінің қатысуымен тағылымды жүздесулер өткізілуде. Бұл іс-шаралардың мазмұны жасөспірімдер арасында заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, ұлтаралық татулық пен достық құндылықтарын дәріптеуге негізделген.
Профилактикалық шаралардың ауқымы қараша айында одан әрі кеңейтілді. «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы шеңберінде «Қауіпсіз қала – қауіпсіз орта» айлығы басталып, оның аясында 49 бағыт бойынша жұмыс жоспары бекітілген. Қазіргі таңда жоспарланған іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, мектепішілік рейдтер, кешкі уақытта өткізілетін «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде. Рейдтердің негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде болуын анықтау ғана емес, олардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі ықтимал жағдайлардың алдын алу.
Сонымен бірге қала аумағындағы қараусыз қалған, құрылысы тоқтап тұрған және жасөспірімдер үшін қауіпті болуы мүмкін ғимараттар мен нысандар анықталуда. Мұндай орындарда түрлі оқыс оқиғалар мен құқыққа қайшы әрекеттердің орын алу қаупі бар. Сондықтан оларды түгендеу, тізімін жасақтау және тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты мекемелерге жолдау көзделген.
Жасөспірімдер арасындағы буллинг пен бопсалау деректерін анықтау да айлықтың маңызды бағыттарының бірі саналады. Осы мақсатта 6–11 сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізілуде. Сауалнама арқылы білім алушылар арасындағы психологиялық ахуалды зерделеу, әлімжеттік пен ақша бопсалау фактілерін анықтау, сондай-ақ бейресми көшбасшылардың ықпалын бағалау көзделген. Оның қорытындысы 16 қарашада белгілі болады. Жиналған мәліметтер алдағы профилактикалық жұмыстарды нақтылауға және тәуекел тобындағы оқушылармен жеке жұмыс жүргізуге негіз болмақ.
Айлық жоспары балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесін де қамтиды. Мектептерде спорттық жарыстар, кітап оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасының іс-шаралары өткізіліп жатыр. Бұдан бөлек, бұзақылыққа бейім және бейресми көшбасшылық ықпалы байқалатын оқушылардың қатысуымен жабық мекемелерге, тергеу изоляторына экскурсия ұйымдастыру жоспарланған. Аталған шаралар 17–18 қараша күндеріне белгіленген. Оның мақсаты – жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың нақты салдарын көрсету, заң талаптарын бұзудың адам тағдырына әсерін түсіндіру және құқықтық жауапкершілік туралы түсінігін тереңдету.
Жалпы, қыркүйек-қазан айларында қала көлемінде профилактикалық жұмыстардың 308 отырысы өткізілген. Сонымен қатар үш кешкі рейд ұйымдастырылып, мобильдік топтардың 154 кездесуі мен дәрістері өткен. Мектептерде 311 ата-аналар жиналысы, оқушылармен 166 сынып сағаты өткізіліп, өзге де тәрбиелік және түсіндіру шаралары жүзеге асырылған. Екі айдағы жұмыстардың жиынтық есебі бойынша барлығы 77 166 оқушы қамтылған. Өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тұрақты жарияланып, ата-аналар мен қала тұрғындарына профилактикалық жұмыстардың барысы жөнінде мәлімет беріліп келеді.
Дегенмен атқарылған жұмыстардың ауқымына қарамастан, жасөспірімдер арасындағы қылмыс көрсеткіштері алаңдаушылық туғызып отыр. Айталық, Тараз қаласы полиция басқармасының статистикалық мәліметіне сәйкес, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен 32 қылмыс тіркелген. Оның 18-ін мектеп оқушылары жасаған, соның ішінде екеуі жекеменшік мектептердің білім алушыларына тиесілі. Қалған қылмыстық деректер колледж студенттерінің үлесінде.
Ал 10 айдың қорытындысы бойынша шаһар аумағында кәмелетке толмағандар тарапынан 52 қылмыс жасалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 41 болған. Осылайша, қылмыс саны 26,8 пайызға өскен. Статистикалық мәліметтерді талдау нәтижесінде соңғы кезеңдегі қылмыстық оқиғалардың басым бөлігі колледж білімгерлері мен жекеменшік мектеп оқушыларының қатысуымен орын алғаны анықталған.
Осы жағдайларға байланысты 10 қараша күні қаладағы жекеменшік мектеп басшыларымен арнайы профилактикалық жиын ұйымдастырылды. Онда білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының жай-күйі, оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері қаралды Ал колледждерге қатысты мәселелер облыстық білім басқармасының құзыретіне жататындықтан, бұл бағыттағы жұмыстар тиісті басқарма деңгейінде қарастырылуда.
Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының барлығы бақылауға алынған. Құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдер полиция органдарының профилактикалық есебіне және білім беру ұйымдарының ішкі есебіне қойылған. Олармен жүргізілетін жеке жұмыстар қараша айындағы «Қауіпсіз қала – қауіпсіз орта» айлығының жоспарына енгізілді. Сонымен қатар девиантты мінез-құлық белгілері байқалатын, бұзақылық әрекеттерге бейім және өз ортасына ықпалы бар оқушылармен профилактикалық жұмысты күшейту көзделіп отыр. Оларды жабық мекемелермен және тергеу изоляторымен таныстыру да осы шаралардың қатарында.
«Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында қолға алынған кешенді жұмыстардың ауқымы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің тек мектеп қабырғасымен шектелмейтінін көрсетеді. Мұнда білім беру ұйымдарының, құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы билік пен ата-аналардың өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты да осы ортақ жауапкершілікті, заңға құрмет пен қоғамдық тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыруды көздейді. Сондықтан Таразда жүзеге асырылып жатқан профилактикалық шаралардың нәтижесі өткізілген кездесулер мен рейдтердің санымен ғана емес, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіштерінің төмендеуімен, балалардың өздерін қауіпсіз сезінуімен және білім беру ортасындағы ахуалдың жақсаруымен бағаланбақ.