Заң мен тәртіп: Жасөспірімдер қауіпсіздігі – жіті назарда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң үстемдігін орнықтыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жас ұрпақтың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметпен қарауға үйрету және олардың қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасау бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Осы бағытта Тараз қаласында «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында білім беру ұйымдары мен жауапты мекемелердің бірлескен жұмысы жанданып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Бұл бағытта мектеп, ата-ана, қоғам және құқық қорғау органдары өзара байланыста жұмыс істегенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болатыны белгілі. Сондықтан шаһардағы білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстар бір реттік науқан ретінде емес, жүйелі әрі тұрақты жүргізілетін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылған. 2026–2027 оқу жылына арналған жоспарға сәйкес, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру, құқық бұзушылыққа итермелейтін факторларды ерте анықтау және қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 29 сәуірдегі №104-НҚ бұйрығы негізінде барлық мектепте Профилактикалық кеңестердің қызметі ұйымдастырылды. Кеңестердің негізгі міндеті – оқушылар арасындағы тәртіп мәселелерін қарастырумен шектелмей, әр баланың тәрбиесі мен әлеуметтік жағдайына назар аудару, қиындыққа тап болған балаларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті қолдау көрсету. Осы мақсатта ерекше назар аударуды қажет ететін 156 кәмелетке толмаған білім алушыға педагогикалық сүйемелдеу тағайындалды.
Мектеп қабырғасындағы қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы №235 бұйрығына сәйкес, білім беру ұйымдарына әкелуге тыйым салынған және пайдаланылуы шектелген заттарды анықтау мақсатында аптасына бір рет рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Әрине, мұндай тексерулер барысында ата-аналар тарапынан балалардың жеке заттарын қараудың заңдылығы мен оған кімнің құқығы бар екеніне қатысты сауалдар да туындап жатады. Бұл профилактикалық жұмысты жүргізуде заң талаптары мен баланың жеке құқықтарын сақтау мәселесінің де маңызды екенін көрсетеді. Дегенмен мектеп аумағында қауіпсіздік талаптарының орындалуы тұрақты бақылауда.
Білім беру нысандарындағы техникалық қауіпсіздік шараларына да баса назар аударылған. Атап айтқанда, мектептерге орнатылған бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмыс істеуі, бейнежазбалардың жадта кемінде 30 күн сақталуы және мониторинг жүргізетін жауапты мамандардың болуы жүйелі түрде зерделенеді. Өйткені қауіпсіздік камералары білім беру ұйымдарындағы тәртіпті бақылаудың маңызды тетігі саналады.
«Заң мен тәртіп» қағидатын білім алушылар арасында кеңінен насихаттау мақсатында білім бөлімі, денсаулық сақтау саласы, құқық қорғау органдары және өзге де мүдделі мекемелер өкілдерінен құралған жұмысшы топтар жасақталған. Тараз қаласы әкімінің өкіміне сәйкес ұйымдастырылған кездесулер барысында 8–11-сынып оқушыларына құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесулерде жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі, құқық бұзушылықтың салдары, қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау мәселелері қозғалды.
Профилактикалық жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – ата-аналармен байланыс орнату. Себебі баланың мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымының қалыптасуында отбасындағы тәрбиенің орны ерекше. Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде қала мектептерінде 82 қалалық және мектепішілік жалпы ата-аналар жиналысы өткізіліп, оған 54 650 ата-ана қамтылған. Жиналыстарда Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары, мектеп формасын сақтау, ішкі тәртіп ережелері және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар отбасылық тәрбиені нығайту және кәмелетке толмағандар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау жағдайларының алдын алу мақсатында «Бала қауіпсіздігі басты назарда» тақырыбында үш күнге созылған ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Форум барысында ата-аналарға бала психологиясы, жасөспірімдердің көңіл күйіндегі өзгерістерді байқау, олармен дұрыс қарым-қатынас орнату және қиын жағдайларда психологиялық қолдау көрсету бағытында түсіндірмелер берілді. Жиыннан кейін білім бөлімі мен ата-аналар комитетінің бірлескен жоспарына сәйкес «Балаңа ақыл айтпа – жол көрсет» тақырыбында мектептерде кезең-кезеңімен ата-аналар жиналыстары өткізіліп келеді.
Жасөспірімдер арасында кездесетін келеңсіз құбылыстардың бірі – деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсу қаупі. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында мұндай ағымдардың әсеріне бейім болуы мүмкін отбасылар мен білім алушылар арасында сауалнамалар жүргізіліп, арнайы әзірленген танымдық фильмдер көрсетілуде. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, оқушыларға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, оларды мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға тарту көзделген.
Құқықтық тәрбие беру ісі мектеп өмірінің күнделікті бөлігіне айналып келеді. Осы орайда аптаның әр бейсенбісі «Заң және тәртіп күні» ретінде белгіленіп, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен тәрбие сағаттары, кездесулер мен дәрістер ұйымдастырылуда. Оқушыларға заң талаптары, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің ерекшеліктері түсіндіріледі. Сонымен бірге мектептердегі медиация қызметінің жұмысы жандандырылып, педагог-медиаторлармен қатар оқушылар арасынан да жас медиаторлар қатары артып келеді. Олар мектеп ортасында туындайтын келіспеушіліктерді өзара түсіністік пен диалог арқылы шешу мәдениетін қалыптастыруға атсалысуда.
Бүгінде құқықтық тәрбие тек дәстүрлі кездесулер мен дәрістер арқылы ғана жүргізілмейді. Бұл ретте жасөспірімдердің ақпаратты қабылдау ерекшелігін ескере отырып, заманауи коммуникация құралдары да кеңінен қолданылуда. Мәселен, «Заң мен тәртіп» құндылығын насихаттау, құқық бұзушылықтың алдын алу және әлеуметтік жобаларды таныстыру мақсатында бейнероликтер, құқықтық тақырыптағы Reels форматындағы материалдар мен подкасттар тұрақты жарияланып келеді. Осылайша, профилактикалық мазмұндағы ақпарат оқушылар жиі пайдаланатын цифрлық кеңістікке де бағытталған. Атқарылған жұмыстар облыстық білім басқармасына апта сайын жинақталып, тиісті есеп ұсынылады.
Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде оқушылардың өздері де белсенділік танытуда. Қыркүйек айының соңғы онкүндігінде қаладағы 75 білім беру ұйымында Бала өкілдері сайланып, өз міндеттерін атқаруға кірісті. Алғашқы кездесулері мен жиындары ұйымдастырылып, алдағы жұмыс бағыттары айқындалған. Ендігі кезекте олар білім алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, балалардың өтініштері мен ұсыныстарын жеткізу және мектеп өміріндегі өзекті мәселелерге назар аудару бағытында жұмыс жүргізетін болады. Бұл бастама оқушылардың азаматтық белсенділігін арттырып, өз құқықтарын білуіне және мектептегі қоғамдық өмірге араласуына жол ашады.
«Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясындағы жұмыстардың ауқымы құқықтық сауаттылықпен ғана шектелмейді. Жасөспірімдер арасында ойынқұмарлық, яғни лудомания, есірткі заттарын пайдалану, вандализм мен бұзақылықтың алдын алу да басым бағыттардың қатарында. Осы мәселелерді қамтыған 15 кездесу ұйымдастырылып, оған есірткі бизнесіне қарсы күрес саласының полиция өкілдері, спорт мектептерінің мамандары мен білім саласының ардагерлері қатысты. Кездесулерде зиянды әдеттердің адам өміріне, денсаулығына және болашағына тигізетін кері әсері нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Мектептерде адамгершілік-жыныстық тәрбие беру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, буллингтің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да ауқымды шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, ұлдар мен қыздарға арналған жеке жиналыстар ұйымдастырылып, барлығы 152 іс-шара өткізілген. Оған 25 350 білім алушы қатысқан. Жиындарда жасөспірімдердің өзара қарым-қатынасы, жеке бас қауіпсіздігі, адамгершілік құндылықтар, отбасылық тәрбие және жауапкершілік мәселелері қозғалды.
Осы бағыттағы маңызды басқосулардың бірі 21 қазанда Оқушылар сарайында өтті. «Қазіргі заман қызы: ұлттық тәрбие мен заманауи көзқарас» тақырыбымен ұйымдастырылған аналар форумына 350-ге жуық ана, мектептердегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар және «Қыз Жібек» қыздар клубтарының жетекшілері қатысты. Форумда қыз баланың тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды заманауи көзқараспен сабақтастыру, ана мен қыз арасындағы сенімді қарым-қатынас мәселелері талқыланды. Бұл бастама алдағы уақытта барлық мектепте жалғасып, қыз тәрбиесі мен адамгершілік-жыныстық тәрбиеге арналған кездесулер және аналар жиналыстары кезең-кезеңімен өткізілетін болады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың бақылаусыз жүруінің алдын алу да ерекше маңызға ие. Осы мақсатта қалада «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасы тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бүгінге дейін 82 рейд өткізіліп, полиция органдарымен бірлескен 19 жедел алдын алу рейді жүзеге асырылған. Іс-шаралар барысында түнгі уақытта ойын-сауық орындарында, көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда жүрген жасөспірімдер анықталып, олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне қатысты қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады. Сондай-ақ мейрамхана, сауда орындары секілді нысандарда кәмелетке толмағандардың заң талаптарын бұза отырып еңбекке тартылу жағдайларына да назар аударылады. Рейдтерге ата-аналар комитеттерінің өкілдері де қатысып, профилактикалық жұмыстардың қоғамдық сипатын күшейтуге үлес қосуда.
Жалпы алғанда, Тараз қаласында «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру және «Тараз – қауіпсіз қала» жобасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар бірнеше саланы қамтып отыр. Білім беру ұйымдарындағы профилактикалық кеңестердің қызметі, ата-аналармен байланыс, құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтер, психологиялық сүйемелдеу, медиация, құқықтық түсіндіру кездесулері мен тұлғалық даму жобалары бір мақсатқа бағытталған. Бұл ретте ұстаз-педагогтердің еңбегімен қатар ата-аналардың жауапкершілігі, мемлекеттік мекемелердің үйлесімді іс-қимылы және қоғамның белсенді ұстанымы да айрықша рөл атқарады. Өйткені қауіпсіз қала ұғымы тек көшедегі тәртіппен өлшенбейді. Осы тұрғыдан алғанда, Таразда қолға алынған профилактикалық шаралар жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруға және қауіпсіз қоғам құруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып қала бермек.