Құрылтай сайлауы: Жамбыл жұрты тарихи күнде жоғары белсенділік танытты
Өңірдегі 730 мыңнан астам сайлаушының дауыс беруін ұйымдастыру үшін 520 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Күн бойы учаскелерде түрлі буын өкілдерінің басын қосқан ерекше ахуал қалыптасты. Алғаш рет дауыс берген жастар мен ғасыр жасаған қариялар, еңбек ұжымдары мен отбасылық әулеттер, спортшылар мен өнер адамдары, дәрігерлер, теміржолшылар, өндіріс қызметкерлері мен этномәдени бірлестік өкілдері өз таңдауын жасады.
Сайлау учаскелеріндегі күн де ерекше сипат алды. Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы 130 учаскеде фотозоналар ұйымдастырылып, алғашқы болып дауыс берген азаматтарға сыйлықтар табысталды. Тараздағы №50 сайлау учаскесінде сайлаушыларға жаңа Конституцияның 23 данасы сыйға берілді. Ал №20 учаскеде тұрғындар «Тілек ағашына» өз ұсыныстары мен ізгі тілектерін қалдырды.
№36 сайлау учаскесінде «Құрамыз» акциясы ұйымдастырылып, тұрғындар Қазақстан картасы бейнеленген үлкен пазлды бірлесіп құрастырды. Пазлдың соңында «Қазақстан» сөзіне ұласуы ел бірлігінің символындай әсер қалдырды.
Бірқатар сайлау учаскелерінде концерттік бағдарламалар мен шығармашылық шаралар өтті. «Ақ әжелер» ансамбльдері өнер көрсетіп, шашу шашылды. №62 сайлау учаскесінің маңында «Уақыттан жоғары әуен» қойылымынан театрландырылған үзінді ұсынылды. №83 учаскеде ұлттық киім киген 20 жас ұлттық әндер орындап, ал кейбір отбасылар домбырамен ән шырқап, ұлттық дәстүрді дәріптеді.
Балаларға да ерекше көңіл бөлінді. Жамбыл политехникалық жоғары колледжіндегі №463 және №464 сайлау учаскелерінде тұрғындарды Мишка Тедди мен Миранда бейнесіндегі аниматорлар қарсы алды. Қаратау қаласындағы №415 учаскеде Алдар көсе кейіпкерлері сайлаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тараздың «Ұлы Дала» шағынауданындағы №517 учаскеге Ежик Сонник кейіпкерінің келуі де көпшіліктің назарын аударды.
Сайлауға еңбек ұжымдары да ұйымдасқан түрде қатысты. Сарысу ауданындағы №369 учаскеге «Қазфосфат» тау-кен өңдеу кешенінің 80 қызметкері келіп дауыс берді. №364 учаскеде «ЕвроХим Қаратау» және «ЕвроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС-нің 40 қызметкері өз таңдауын жасады. Қордай ауданындағы Қарасу ауылындағы №511 учаскеге «Ақтас» және «Корсем» ЖШС өнеркәсіптік алаңының 20-ға жуық қызметкері жұмыс киімімен келді.
Отбасылық әулеттердің сайлауға қатысуы да назар аударды. Тараз қаласындағы №58 учаскеде Сәттібаевтар мен Рысбековтердің спорттық әулеттері дауыс берді. Мойынқұм ауданындағы №324 учаскеде «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпазы – үш ұрпақтан тұратын Теңізбаевтар отбасы өз таңдауын жасады. №358 учаскеде теміржолшылар әулеті – Көкжаловтар отбасы дауыс берсе, Қордай ауданындағы №243 учаскеге 40 жылға жуық бірге өмір сүріп келе жатқан Қожабергеновтер отбасы ұлттық киіммен келді.
Қоғамның түрлі саласының өкілдері де саяси науқаннан шет қалмады. Қаратау қаласындағы №416 учаскеге «Талас» футбол клубының спортшылары бірыңғай спорттық киіммен және медальдарымен келді. Тараздағы №35 учаскеде «Қолөнершілер үйі» клубының мүшелері дауыс берсе, Меркі ауданындағы №275 учаскеге мәдениет үйінің өнерпаздары ұлттық киіммен және дәстүрлі музыкалық аспаптарымен келді. Ал №34 учаскеде өзбек этномәдени қауымдастығының 50-ге жуық өкілі өз таңдауын жасады.
Сайлау күні азаматтардың барлығына бірдей жағдай жасауға да басымдық берілді. Өңірде мүгедектігі бар 45 884 сайлаушы тіркелген, олардың 2 592-сі дауыс беру кезінде ерекше жағдайды қажет етеді. Барлық учаскелерде олардың кедергісіз дауыс беруіне қажетті жағдай жасалып, 41 инватакси қызмет көрсетті. Арнайы мамандардың сурдоаударма қызметі ұйымдастырылды. Сайлаушылардың өтініштері бойынша учаскеден тыс дауыс беру мүмкіндігі де қамтамасыз етілді.
Тұрғындарға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда 13 ақпараттық CALL-орталық және 109 бірыңғай диспетчерлік қызмет жұмыс істеді. Тіркеуді растау жөніндегі 328 онлайн-сервис және тұрақты немесе уақытша тіркеуі жоқ азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыруға арналған 15 сервис іске қосылды.
Жаңатас қаласында тұрғындар үшін тегін такси ұйымдастырылып, елді мекендерде төмендетілген бағамен азық-түлік пен тауарлар ұсынылған жәрмеңкелер өткізілді. Т.Рысқұлов ауданындағы Өрнек ауылында «Бүкіл көшемен дауыс береміз» акциясы ұйымдастырылып, Е.Алпысбайұлы көшесінің тұрғындары №331 сайлау учаскесіне бірге барды.
Сағат 20:00-де Жамбыл облысындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды. Таңмен таласа басталған азаматтық белсенділік кешке дейін жалғасып, учаскелік сайлау комиссиялары бюллетеньдерді санау жұмысына кірісті.
Жалпы, Жамбылдағы Құрылтай сайлауы жастан кәріге дейінгі тұрғындардың белсенділігімен, қоғамдық бірлікпен және ұлттық құндылықтарға деген құрметпен ерекшеленді. Алғаш рет дауыс берген жастың таңдауы мен ғасыр жасаған қарияның батасы, еңбек адамының жауапкершілігі мен отбасының бірлігі бір күннің мазмұнына тоғысты. Бұл – Жамбыл жұртының ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсеткен маңызды саяси күн болды.