Әйел мен бала құқығы – қоғам назарындағы басты мәселе
Отбасы – қоғамның іргетасы, ұлттық құндылықтардың бастауы және адам тәрбиесінің алғашқы мектебі. Әрбір азаматтың бойындағы адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік пен сыйластық қасиеттері ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Бүгінде елімізде осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Осы мақсатта Тараз қаласында «Қазақстан – тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз ел» республикалық акциясы аясында «Әйел мен бала құқығы – қоғам назарында» атты форум өтті. Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық полиция департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған маңызды басқосуға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру саласының мамандары, психологтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар және студенттер қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын нығайту, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыру мәселелерін талқылау болды.
Іс-шараның ашылуында Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Жандарбек Әбдіқалықов сөз сөйлеп, отбасы құндылықтарын сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, балалардың құқықтарын қорғауға, заңнаманы жетілдіруге және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Дегенмен бұл бағыттағы нәтижеге мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен қарапайым азаматтар күш біріктірген жағдайда ғана қол жеткізуге болады.
– Қоғамда өзара құрмет, жауапкершілік пен қамқорлық күнделікті өмірдің қалыпты қағидасына айналғанда ғана біз қауіпсіз әрі бақытты қоғам құра аламыз. Әйел мен баланың құқығын қорғау – еліміздің болашағына жасалған инвестиция, – деді ол.
Форумға қатысушыларды сондай-ақ облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Манас Әбдікәрімов құттықтады.
Ол аталған шара Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға белсенді қатысып жүрген жастар мен студенттерге алғысын білдірді.
– Отбасы – мемлекеттің берік тірегі. Әрбір азамат, әсіресе әйелдер мен балалар қауіпсіз ортада өмір сүруге лайық. Қорқыныш пен зорлық-зомбылыққа орын жоқ қоғам құру – барлығымыздың міндетіміз, – деді полиция өкілі.
Манас Әбдікәрімов балаларға жасалатын қатыгездік пен әйелдерге көрсетілетін қысым бүкіл қоғамды алаңдатуы тиіс мәселе екенін айтты. Оның пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек құқық бұзушыларды жазалаумен шектелмеуі қажет. Ең бастысы – адамдардың санасын өзгертіп, өзгеге жанашырлықпен қарайтын, әлсізге қорған бола алатын қоғам қалыптастыру.
Спикердің айтуынша, бүгінде ішкі істер органдары тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, жәбірленушілерді қорғау және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Сонымен бірге жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыру аса маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Форумның ресми бөлімінен кейін қатысушыларға Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері дайындаған әлеуметтік театрландырылған қойылым ұсынылды. Қойылымда ата-анасының күнделікті жанжалына куә болып, өз бөлмесіне қамалып қалған кішкентай қыздың жан дүниесі әсерлі бейнеленді. Кейіпкердің монологы арқылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың баланың психологиялық жағдайына қаншалықты ауыр әсер ететіні көрерменге терең ой салды. Бұл көрініс әрбір ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін тағы бір мәрте еске салып, қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді.