Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайын жаңғырту жұмысын сынға алды

0 36
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында мегаполистің негізгі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік нысандарын аралады. Оған қала әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің басшылығы, сондай-ақ нысандарға жауапты ведомстволар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Нұрлыбек Нәлібаев алдымен Алматы әуежайында болып, нысанның инфрақұрылымын дамыту жобаларының жай-күйімен, соның ішінде перрон ғимараты, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы, жаңа жүк тұрақтары құрылысымен және ішкі рейстер терминалының реконструкциясымен танысты.

Алматы әуежайы жаңа халықаралық терминалының жалпы аумағы – 56 мың шаршы метр, 93 млрд теңге инвестиция салынған нысанның өткізу қуаты жылына 14 млн жолаушыға өскен. 2024 жылдың маусым айында пайдалануға берілгелі бері бұрынғы ғимаратқа түсетін жүктеме азайып, ол толықтай ішкі рейстерге қызмет көрсетуге көшті.

Премьер-министрдің бірінші орынбасарына жаңадан салынып жатқан нысандар және алдағы жоспарланған іс-шаралар туралы мәлімет берілді. «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Көсе Гөкер баяндағандай, нысанды басқаруды қолға алған TAV Havalimanları Holding A.Ş. (TAV Airports Holding) компаниясы былтыр тамыз айында жалпы сомасы $360 млн болатын алдағы бес жылға арналған бас жоспарын бекіткен. Оның аясында терминалдарды реконструкциялау, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жердегі қызмет көрсету жабдықтарын сатып алу, жүк перроны және бортта тамақтандыру нысандарын тұрғызу, қонақ үй мен көп деңгейлі паркинг салу сынды тағы да басқа жобалар қарастырылған.

Бірінші вице-премьер Мемлекет басшысы Қазақстанды аймақтағы жетекші транзиттік экономикалар деңгейіне шығару міндетін қойғанын, Үкімет бұл тапсырманы басым бағыт ретінде қарастыратынын және оған жан-жақты қолдау көрсетілетінін баса айтты.

«Бүгін Үкімет басшысының тапсырмасымен әуежайдағы жұмыс барысын көру үшін арнайы келдім. Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту – Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Алматы – туристер көп келетін, ең әсем қаламыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың көркін бұзатын, туристерге жайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау керек. Көсе Гөкер мырза, әуежай маңындағы жолаушылардың, туристердің орынды сын-ескертпелеріне негіз болған, созылып кеткен жұмыстарды аяқтайтын уақыт жетті. Туристер ағыны өсетін жаз мезгілі қарсаңында жаңғыртудың қарқынын да арттырыңыздар, халықтың жағдайын назарға алыңыздар. Ал қала әкімдігі жаңғырту жұмыстарының сапасы мен дер уақытында бітуін қатаң бақылауда ұстауы тиіс», — деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ Алматы әуежайының халықаралық терминалын таяуда нөсер жаңбыр салдарынан су басу оқиғасына арнайы тоқталды. Бұл жағдай қоғамда кең резонанс тудырып, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтар арасында жағымсыз реакцияға себеп болды. Осы ретте Премьер-министрдің бірінші орынбасары жұмыстың басты өлшемі — сапа екенін ескертіп, Алматы қаласының әкімдігіне әуежайдың көлік инфрақұрылымын қалалық қоғамдық көлік желісімен, соның ішінде метроның перспективалық бағытымен интеграциялауды тапсырды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.