Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Қоғамдық орындар бейнебақылау жүйелерімен кеңінен қамтылуда

0 12

Байзақ ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді жоба жүзеге асырылуда. Игі бастама «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында қолға алынып, құқықтық тәртіпті нығайту мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

Жамбыл облысы прокуратурасының басшылығы Байзақ ауданының Бурыл ауылдық округінің тұрғындарымен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және халықтың құқық қорғау органдарына сенімін арттыру мәселелері талқыланды.

Облыс прокуроры Берік Әбілов атап өткендей, жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі мен тәрбиесі – басты назардағы мәселелердің бірі. Статистикалық деректерге сәйкес, қылмыс жасаған азаматтардың шамамен 70 пайызы тұрақты жұмысы жоқ адамдар, олардың басым бөлігі – 18 бен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл көрсеткіш жастарды жұмыспен қамту және олардың әлеуетін іске асыру бағытында жүйелі шаралар қабылдауды қажет етеді.

Осы мақсатта облыстық прокуратура «Қауіпсіз Байзақ» жобасын іске қосты. Жобаның негізгі мақсаты – қылмыстық деңгейін төмендету, құқық бұзушылықтың алдын алу және аудан тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.

Жоба аясында бірқатар алдын алу шаралары жүзеге асырылуда. Ең алдымен – қоғамдық орындарды бейнебақылау камераларымен және жарықтандыру жүйелерімен қамту жұмыстары кеңейтілуде. Бұл тұрғындар мен қоғамдық орындардағы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар иесіз, қараусыз қалған ғимараттарды түгендеу және оларды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Себебі мұндай нысандар көбіне жастардың жиналатын, құқық бұзушылық орын алатын жерлеріне айналып жатады. Бұдан бөлек, көше жарықтандыруы мен жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру мәселелері де назарда.

Білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстар да жобаның маңызды бөлігі болып табылады. Облыс прокуроры атап өткендей, Байзақ ауданынан Тараз қаласына қатынап оқитын оқушылардың күнделікті миграциясы білім беру органдарының назарынан тыс қалып отыр. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің тәртібін, мінез-құлқын бақылауда қиындықтар туғызады.

Аталған мәселені шешу мақсатында Байзақ ауданы мен Тараз қаласының білім бөлімдері арасында өзара ақпарат алмасу жүйесін жолға қою, педагогтар мен ювеналды полиция инспекторларының бірлескен жұмысын күшейту тапсырылды.

Сонымен бірге ата-аналардың жауапкершілігі ерекше атап өтілді. Әрбір ата-ана баласының бос уақытын, оқу үлгерімін және араласатын ортасын бақылап отыруы қажет. Мектеп пен колледждерде өтетін ата-аналар жиналыстарына тұрақты қатысу – бала тәрбиесіндегі маңызды буын.

«Қауіпсіз Байзақ» жобасы аясында прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құралған мобильді топтардың жұмысы жандандырылады. Олар ауылдық елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық орындардың жай-күйін бақылап, жастармен кездесулер өткізетін болады.

Бұдан бөлек, мектептер мен колледждерде профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Онда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқушыларға құқықтары мен міндеттері, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері және әкімшілік жауапкершілік туралы түсіндіреді.

Жоба аясында бос жүрген жастарды спорттық және мәдени үйірмелерге тарту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру шаралары да қарастырылған. Бұл жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және олардың әлеуетін қоғам игілігіне бағыттауға мүмкіндік береді.

«Қауіпсіз Байзақ» жобасы жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер бөлімдерінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл бастама мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің күш-жігерін біріктіріп, ауданның қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде көшедегі құқық бұзушылықтың азаюы, тұрғындардың құқық қорғау органдарына сенімінің артуы күтілуде. Болашақта Байзақ ауданында жинақталған оң тәжірибе облыстың өзге де өңірлерінде енгізілетін болады.

Жамбыл облысының прокуратурасы аудан тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымы мен құқықтық мәдениетті арттыруға қосқан үлесіне алғыс білдіреді. Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.