Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Құқықтық бақылау мен ашықтық: табиғи монополиялар саласындағы әділдік қағидаттары

0 14

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті өңірде тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің қызметін тиімді реттеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Негізгі міндет – тұрғындар мен кәсіпкерлердің мүддесін тең қорғап, табиғи монополиялар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.

Департамент басшысы Алмат Абдрайханның айтуынша, биылғы жылдың басынан бері департаментке 19 табиғи монополиялар субъектісінен барлығы 50 тарифті бекітуге өтінім келіп түскен. Сонымен қатар, қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінен шекті бағадан жоғары көтерілу фактісі бойынша екі хабарлама тіркелген.

Өтінімдерді қарау нәтижесінде 50 өтінімнің 17-сі бойынша тарифтер бекітілген, ал екі жағдайда бағаның шекті деңгейі келісілген. Сонымен бірге 9 өтінім қараудан бас тартылып, 20 өтінім өтініш беруші тарапынан кері қайтарылған. Қазіргі таңда департамент мамандары 7 өтінім бойынша сараптау және талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тұтынушы мен қызмет көрсетуші мүдделерінің теңгерімі

Алмат Абдрайханның айтуынша, департаменттің басты қызметі – табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеу, олардың қызметі барысында заңнаманың сақталуын бақылау және ашықтық қағидатын қамтамасыз ету.

– «Біздің негізгі мақсатымыз – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін тең ұстау, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, ал тұтынушылар үшін олардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ тариф қалыптастыру үдерісін барынша ашық жүргізіп, қоғам тарапынан сенімді арттыруға баса назар аударамыз», – деді департамент басшысы.

Бүгінгі таңда департамент облыс аумағында 39 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Олар мемлекеттік тіркелімнің жергілікті бөліміне енгізілген 59 түрлі қызмет түрін ұсынады. Бұл – электр энергиясын, жылу мен суды жеткізу, кәріз және байланыс салалары сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.

Инвестициялық бағдарламалар және тарифтік бақылау

Жүргізілген талдау қорытындысына сәйкес, өткен жылы департамент бекіткен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы мен тарифтік сметалардың тиімділігі егжей-тегжейлі зерттелген. Нәтижесінде, екі табиғи монополия субъектісінің негізсіз табыс сомасы анықталып, оның жалпы көлемі 346 344,96 мың теңгені құраған. Соның ішінде «Қазфосфат» ЖШС – 185 787,52 мың теңге, ал «Жамбыл су» КМК – 160 557,44 мың теңге көлемінде артық табыс тапқан.

Бұл қаражаттар қайта қаржыландыру ставкасын ескере отырып, тұтынушылар мүддесіне бағытталған түзетулер арқылы реттелді.

Заңнаманы сақтау және әкімшілік жауапкершілік

Департамент қызметінің маңызды бағытының бірі – табиғи монополиялар туралы заңнаманың сақталуын бақылау. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент мамандары 4 табиғи монополия субъектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істер қозғаған. Нәтижесінде, жалпы сомасы 9 830 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекет кірісіне өндірілді.

Сонымен қатар, облыстың жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген бір табиғи монополия субъектісіне жоспарлы тексеру жүргізіліп, заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде заңнаманы қалпына келтіру жөнінде бір нұсқама енгізіліп, қазіргі уақытта оның орындалуы бақылауға алынған.

Мемлекеттік қызметтер және ашық жұмыс жүйесі

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен бекітілген тізілімге сәйкес, департамент төрт мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді:

  1. Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру;
  2. Табиғи монополия субъектісінің мүлкіне қатысты мәміле жасауға келісім беру (егер мүлік құны активтердің 0,05%-нан асса);
  3. Табиғи монополия субъектілерін қайта ұйымдастыруға және таратуға келісім беру;
  4. Табиғи монополиялар субъектілерін мемлекеттік тіркелімге енгізу және одан шығару.

Бұл қызметтердің барлығы электронды форматта көрсетіліп, процестің айқын әрі жедел жүруіне мүмкіндік береді.

Ашықтық пен қоғаммен кері байланыс

Департамент үшін қоғаммен өзара байланыс пен ақпараттың ашықтығы да ерекше маңызды. Осы мақсатта жыл басынан бері депутаттардың, «AMANAT» партиясы мүшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен 52 іс-шара ұйымдастырылған. Бұл кездесулерде тариф саясаты, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы және тұтынушылармен жұмыс барысы талқыланған.

Жыл басынан бері департаментке 739 құжат келіп түскен, оның 182-сі бақылауға алынған, ал 658 шығыс құжаты белгіленген мерзімде орындалған. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардан 110 өтініш түскен. Оның ішінде 79 – жеке тұлғалардан, 31 – заңды тұлғалардан. Өтініштердің басым бөлігі (85) – сұраныс сипатында, біреуі шағым, ал қалған 24-і басқа мәселелерге қатысты. Қазіргі таңда екі өтініш қаралу үстінде.

– «Біз үшін ең бастысы – тұрғындардың сенімін сақтау және табиғи монополиялар қызметін барынша әділ реттеу. Тұтынушы да, қызмет көрсетуші де өз құқықтарының қорғалғанын сезінуі тиіс. Сол себепті барлық өтініштер уақтылы қаралып, әр мәселе жеке назарда ұсталады», – деп атап өтті Алмат Аблайханұлы.

Қорытынды

Жамбыл облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті өз жұмысында ашықтық, тиімділік және заңдылық қағидаттарын басшылыққа алады. Тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және инфрақұрылымдық дамуды қолдау – департамент қызметінің басты бағыттары.

Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде өңірде табиғи монополиялар қызметінің сапасы артып, баға тұрақтылығы қамтамасыз етілуде. Ал тұтынушылар мен бизнес өкілдері үшін ашық әрі әділ қарым-қатынас орнату – мемлекеттік реттеудің ең басты жетістігі болып отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.