Агросаланың әлеуеті артады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылшаруашылық саласын әртараптандыру мәселесіне айрықша тоқталды. Президенттің айтуынша, агросала заманға сай жаңғырып, алға жылжуы тиіс.
Жолдау жүктеген міндеттердің нәтижесінде енді сала барынша цифрландырылып, жүйеге жаңа технология мен жасанды интеллект енгізіледі. Сондай-ақ әкімдер егіс алқаптарын барынша тиімді пайдалану ісін ұйымдастырып, су мәселесін реттеуге міндетті. Ғалымдар мен агро сала мамандарына да үлкен жауапкершілік жүгі артылды. Олар жаңа сұрыпты дақылдар түрін анықтап, оны жергілікті жағдайға бейімдеуі тиіс. Мәселен, өсімдік майы алынатын соя, мақсары, зығыр сияқты дақылдар ел ішінде де, шетелде де сұранысқа ие. Осы секілді нарықта жоғары сұранысқа ие басқа да өсімдіктердің бабы келтіріліп, аз шығынмен алынған мол өнім ауылшаруашылық саласының табысын еселеуі тиіс.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеу институтындағы экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбеннің айтуынша, елімізде жердің құнарлылығын сақтап, суды ысырап қылмай, өнімді де үзбей алу үшін тұрақты егіншілік жүйесі қалыптасуы керек. Негізінде бұл «агроэкология» деп те аталатын көрінеді. Тұрақты егіншілікті қолданудың түпкі мақсаты – бүгінгі күннің де, келешектің де қажетіне жарайтын өнім өндіру ісін түбегейлі жолға қою. Нақты айтқанда, бір жылдық пайда үшін жердің барлық нәрін сығып алып, егіс алқабын жарамсыз күйде қалдыруға жол бермей, жыл сайын ойдағыдай өнім беретіндей егіс алқабын күтіп-баптау дәстүрге айналуы тиіс.
– Қазіргі заманғы ауылшаруашылығы климаттық өзгерістерден бастап тұтынушылардың сұраныстары мен технологиялық инновацияларға дейінгі көптеген факторлардың әсерінен терең трансформация кезеңіне өтуде. Азық-түлік жүйесі тұрақтылық пен инновациялық дамудың ажырамас шарттарына айналған жаһандық өзара байланысты экожүйе ретінде қабылдануда. Бүгінгі таңда әлемдегі агроазық-түлік секторының болашағын қалыптастыратын негізгі қиындықтарды да, жауап трендтерін де бөліп көрсетуге болады. Ең өзекті қиындықтардың бірі ретінде климаттың өзгеруі қала береді. Төтенше ауа райы құбылыстарының, яғни құрғақшылық, су тасқыны, температураның ауытқуы жиілігінің өсуі ауылшаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына тікелей қауіп төндіреді. «McKinsey» зерттеуіне сәйкес, өткен жылы фермерлердің 41 пайызы ауа райының тәуекелдерін 2022 жылы 35 пайызбен салыстырғанда өз пайдасына басты қауіп деп атады Екінші сыни фактор – ресурстар бағасының өсуі. Оған түрлі тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары және энергия көздері секілді мәселелер жатады. Агрохимияның қымбаттауы мен жеткізілімдердің тұрақсыздығы фермерлерді үнемді әрі экологиялық таза амалдарды қолдану жолын іздеуге итермелеп отыр. Сонымен қатар пандемиядан, геосаяси дағдарыстардан немесе табиғи апаттардан туындаған жаһандық логистикалық сәтсіздіктер тасымалдау тізбегін бұзады, нарықтарда тапшылық туғызады және азық-түлік бағасының құбылмалылығын арттырады, – дейді Әсел Әбен.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, ауылшаруашылығына арналған IoT әлемдік нарығының көлемі 2024 жылы 28,65 миллиард АҚШ долларына бағаланыпты. Алдағы бес жыл ішінде орташа жылдық өсу қарқыны 10,5 пайыз өседі деп болжанған. Нарықтың өсуі ең алдымен автоматтандыруға деген сұраныстың артуына, операциялық тиімділікке деген қажеттілікке және дақылдарға дәл мониторинг жүргізу және басқаруға мүмкіндік беретін интеллектуалды егіншілік технологияларының өсуіне байланысты болса керек.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов те Президент Жолдауында көтерілген салаға инвестиция тарту ісі де ең өзекті мәселенің бірі екенін айтады. Оның айтуынша, қазіргі кезде ауылшаруашылығында жаңа жобаларды іске асыруға шетелдік және отандық инвесторларды көбірек тарту қажет. Өйткені қаражат құйылған жерде жаңа технология, соны бетбұрыс, қарқынды жұмыс, ерекше еңбек өнімділігі пайда болады. Аталған басқарма басшысының пайымынша, инвестиция ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеретін басты тетіктің бірі.
Әулиеата өңірі қант қызылшасын өсіруге ең қолайлы аймақтардың бірі. Өңір шаруаларының қант қызылшасын өндірудегі нақты әлеуеті жылына 1,5-2 миллион тоннаны құрайды екен. Қант қызылшасын өңдеу мәселесін шешу мақсатында қытайлық «Zhongkai Guoyuan (Anhui)» компаниясы құны 200 миллион АҚШ долларын құрайтын, жылдық қуаттылығы 1 миллион тонна болатын қант қызылшасын өңдейтін жоғары технологиялық зауыт салуды жоспарлап отыр екен. Бұл өз кезегінде жылына 130 мың тонна ақ қант, 72 мың тонна қызылша ұнын және 54 мың тонна патока өндіруге мүмкіндік беретін көрінеді. Құрылыс жұмыстары осы айда басталып, келесі жылы аяқталмақ.
Жолдау жүктеген міндеттер дер кезінде орындалып, өңірде қолға алынған жобалар сәтімен жүзеге асса ауылшаруашылығы саласы жаңа белеске көтерілетіні анық. Осы арқылы жергілікті өніммен ішкі нарықты қамтуға, сыртқы нарықты отандық өніммен жаулауға мүмкіндік мол.