Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

«Қылмыстық істер мен талап-арыздар динамикасы: өңірлік соттардағы қазіргі ахуал»

0 17

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың аудандық және оларға теңестірілген соттарында бас-аяғы 905 адамға қатысты 768 қылмыстық іс қаралған. Нәтижесінде, 739 азамат сотталса, 10 адам ақталып шыққан. Бұдан бөлек есепті кезеңде облыс соттарына қалдықты есепке алғанда барлығы 15828 талап арыздар келіп түссе, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3754 талап-арызға көбейген. Ал өткен жылы әкімшілік шағымдар саны 9,5 пайызға бәсеңдесе, биыл былтырғы жылғы кезеңмен салыстырғанда талаптардың 13,6 пайызға қайтадан өсуі байқалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде белгілі болды.

Жиында ең әуелі облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов сөз алып, 2025 жылдың 6 айында апелляциялық тәртіппен 5 адамға қатысты үкім күшін жойып, 40 адамға қатысты өзгертілгенін жеткізді. Оның айтуынша, осы кезеңде тергеу судьялары бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстауды санкциялау туралы 288 материалды қараған.

– Оның ішінде 204 өтініш сотпен қанағаттандырылып, ал 84 материал бойынша заң талаптарына сәйкес бас тарту туралы шешім қабылданды. Яғни, берілген өтініштердің басым бөлігі заңда көзделген негіздерге сай келіп, оң шешім тапқанын көруге болады. Бұл көрсеткіш соттардың әрбір материалды мұқият қарап, нақты дәлелдер мен заң нормаларына сүйене отырып шешім қабылдайтынын айғақтайды.

Жалпы алғанда, соңғы алты айдың ішінде облыс соттарына Қылмыстық-процестік кодекстің 106-бабының тәртібімен барлығы 249 шағым түсті. Бұл шағымдардың ішінде 152-сі белгілі бір себептермен кері қайтарылды. Қалған 85 шағым сот отырыстарында қаралып, тиісті шешімдер шығарылды. Ал 5 шағым қазіргі таңда сот өндірісінде қалып отыр, яғни қаралу сатысында. Мұның өзі азаматтардың құқықтық белсенділігінің артқанын және сот әділдігіне деген сенімінің күшейгенін көрсетеді.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс соттарымен шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қатысты да бірқатар материалдар қаралды. Атап айтқанда, 356 өтініш түсіп, оның ішінде 173 өтініш сотпен қанағаттандырылды. Бұл азаматтардың жазасының белгілі бір бөлігін өтеп болғаннан кейін түзелу жолына түсуге ниетті екенін байқатады. Дегенмен, дәл сондай 181 өтініш сотпен қаралып, бірақ заң талаптарына сәйкес келмегендіктен, қанағаттандырылмады. Ал 2 материал іс жүргізу тәртібіне байланысты қараусыз қалдырылды. Мұндай деректер соттың әрбір істі жеке зерттеп, дәлелдерге сүйеніп, әділетті шешім шығарып отырғанының айғағы.

Жалпы жазаны жеңілдету жөніндегі өтініштерді қанағаттандыру көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға өсті. Бұл – оң динамика. Бір жағынан, сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігіне деген сенімді арттырады, екінші жағынан, жазасын өтеп жатқан азаматтарға түзелу, қоғамға қайта бейімделу мүмкіндігін беріп отырғанын көрсетеді. Мұндай тәжірибе құқық бұзған тұлғаларды заңға қайшы әрекеттен аулақ болуға, қайтадан қылмыс жасамауға ынталандырады.

Осы деректердің барлығы құқық қорғау және сот органдарының бірлескен жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Әрбір өтініш пен шағым заң шеңберінде, дәлелдерге сүйене отырып қаралуы – әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің басты кепілі. Сонымен қатар мұндай шешімдер қоғамға да оң ықпалын тигізеді: адамдар заңға сенім артып, құқықтық мәдениет деңгейі біртіндеп арта түседі., – деді Нұрмұхаммат Махаматұлы.

Мұнан соң облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Дәулет Тасыбаев облыс соттарының 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Ол өз сөзінде 2025 жылдың 6 айында барлығы 3823 талап-арыз қайтарылып, 244 талап-арыз қабылдаудан бас тартылғанын атап өтті. «Қайтарылған талап арыздардың басым бөлігі талап қоюшылардың дауды сотқа дейін шешу тәртібін сақтамауы ның салдарынан орын алып отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, татуластыруға байланысты 511 талап арыз қайтарылған. Апелляциялық тәртіпте 52 іс бойынша шешімдердің күші жойылса, оның ішінде 25 іс бойынша өндіріс қысқартылған», – деді Дәулет Еркебекұлы.

Сонымен қатар брифингте әкімшілік әділет енгізілгеннен кейін әкімшілік шағымдардың саны жыл сайын артып келетіні де айтылды. Облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Самат Таусаровтың сөзінше, 2025 жылдың 6 айында 104 іс шешім шығарумен қаралыпты. «20 әкімшілік іс бойынша ақшалай өндіріп алу туралы ұйғарымдар шығарылған. Бүгінгі таңда шығарылған барлық ұйғарымдар орындалған. 2024 жылы 812 240 теңге сомасына ақшалай өндіріп алу туралы 11 ұйғарым шығарылды. Сондай-ақ сот істерді қарау нәтижелері бойынша 22 жеке ұйғарым шығарды», – деді Самат Ибрагимұлы.

Жалпы алғанда, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың аудандық және оларға теңестірілген соттарында қаралған қылмыстық істер мен азаматтық талап арыздар статистикасы өңірдің құқықтық кеңістігіндегі бірқатар өзекті үрдістерді көрсетіп отыр. Біріншіден, 905 адамға қатысты 768 қылмыстық істің қаралуы – қоғамдағы қылмыстық әрекеттердің әлі де толығымен азаймағанын аңғартады. Дегенмен, соның ішінде 739 адамның сотталып, бар-жоғы 10 адамның ақталуы соттың әрбір істі мұқият зерделеп, заң нормаларын сақтай отырып шешім қабылдайтынын дәлелдейді. Бұл өз кезегінде құқық қорғау және сот органдарының қылмыспен күресте бірлесе атқарып жатқан жұмысының нәтижесін көрсетеді.

Екіншіден, азаматтық істер бойынша талап арыздардың айтарлықтай өсуі қоғамдағы құқықтық белсенділіктің артқанын білдіреді. Биылғы есепті кезеңде облыс соттарына қалдықты есепке алғанда 15828 талап арыздың түсуі және оның өткен жылмен салыстырғанда 3754-ке артуы тұрғындардың өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге бейімділігінің жоғарылағанын байқатады. Бұл үрдісті азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуымен және сот төрелігіне деген сенімнің күшеюімен байланыстыруға болады. Әсіресе талап арыздардың 13,6 пайызға қайтадан өсуі – қоғамда шешімін күткен әлеуметтік, экономикалық және тұрмыстық даулардың әлі де бар екенін көрсетеді.

Сонымен қатар әкімшілік шағымдардың өткен жылы 9,5 пайызға төмендеп, биыл қайтадан өсуі құқық бұзушылықтардың сипаты мен құрылымындағы өзгерістерге байланысты екенін аңғартады. Бұл көрсеткіш құқық қорғау және мемлекеттік органдардың азаматтармен жұмыс жүргізуінде жаңа тәсілдерді енгізудің қажеттілігін алға тартады. Сотқа түсетін істердің өсуі тек заң бұзушылықтың көбейгенін ғана емес, сонымен бірге азаматтардың өз мүдделерін қорғаудағы белсенділігін де білдіреді.

Қорытындылай келгенде, ұсынылған деректер облыс соттарының жұмыс көлемінің артып отырғанын айқын көрсетеді. Бұл жағдай сот жүйесінің алдында жаңа міндеттер қояды: істерді сапалы әрі уақытылы қарау, азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді шараларды жалғастыру. Бүгінгі күнгі динамика сот органдарының қоғам өміріндегі рөлінің артып келе жатқанын дәлелдеп, құқықтық мемлекеттің қалыптасу процесінде сот төрелігінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің маңызын айқындай түседі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.