Publisher Theme
I’m a gamer, always have been.

Қауіпсіз әрі тұрақты орта қалыптастыру – аса маңызды

0 90

Бүгінде өңірдегі криминогендік жағдайды жақсарту, кейбір қылмыстардың өсу факторлары мен оларды болдырмау бойынша мекемеаралық іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Нәтижесінде, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс – 20,5, көшедегі қылмыс – 18,6, жасөспірімдер қатысуымен жасалған қылмыс – 35 сондай-ақ бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс – 23,1, мас күйде жасалған қылмыс – 9,1 және топпен жасалған қылмыс 27,6 пайызға бәсеңдеген. Есесіне, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық 4 есеге ұлғайған. Бұл туралы облыстық прокуратураның үйлестіруімен өткен «Құқық бұзушылықтар превенциясы» атты форумда кеңінен айтылды.

Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали және өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінің басшылары мен пробация қызметінің өкілдері қатысты. Басқосуда аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы қылмыстың алдын алу – бұл тұрақты және қауіпсіз болашақтың кепілі екенін баса айтты. Ол өз сөзінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – халықтың әлеуметтік әл-ауқатының төмен болуы екенін жеткізді.

– Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, тұрақты табыстың болмауы – жастар арасында бос уақытты тиімді ұйымдастыру жүйесінің жеткіліксіздігі, білім беру мен тәрбие жұмыстарының әлсіздігі, отбасылық бақылаудың азаюы сияқты мәселелер бұл жағдайды ушықтырып отыр. Бұл ретте кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуда кешенді әрі үйлесімді тәсіл қажет. Осы орайда жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары, әлеуметтік қызметтерлер, қоғамдық ұйымдар өкілдері және аудан әкімдері мен аудандық қоғамдық кеңестердің  бірлескен жұмысы шешуші рөл атқаруы тиіс. Ең алдымен, біз әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсетуіміз қажет. Олармен тікелей жұмыс жасап, тұрақты түрде мониторинг жүргізу, жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық кеңес беру, бейімдеу шараларын ұйымдастыру – басты міндеттердің бірі. Мектептер мен колледждерде құқықтық сауаттылықты арттыру, жастар арасында патриоттық тәрбие мен қоғамдық жауапкершілікті күшейту, діни экстремизм мен радикалды көзқарастардың алдын алу жұмыстары үздіксіз жүргізілуі қажет, – деді облыс әкімі.

Ал «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – азаматтардың құқығын қорғау, заң үстемдігін орнату мен қоғамда қауіпсіздік пен тәртіпті нығайту мақсатында қолға алынған өте маңызды бастама екенін алға тартты. Оның айтуынша, бірнеше жылдан бері облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының жанынан құрылған аналар кеңесі жұмыс істейді. «Қазіргі таңда «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» атты Жол Картасы аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Қауіпсіз сағаты», «Жасыл сертификат» пен «Салауатты сана» жобалары іске асырылуда. Келер жылы Тараз қаласында республикалық деңгейде аналар форумын өткізу жоспарлануда», – деді Эльмира Иниятқызы.

Айта кетейік, өткен жылдың маусым айынан бастап облыста «Сотталғандардың аймақтық криминизациялауға әсерін азайту» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – проблемалық мәселелерді шешу бойынша шаралар мен алгоритмдерді әзірлеу, облыстық ҚАЖ мекемелерін оңтайландыру, сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіштерін ұлғайту және қоғамға қайта бейімдеу. Жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қайталама құқық бұзушылықтар саны – 18 пайызға төмендеген. Жиын соңында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев түзеу мекемесінің аумағында жаңа тігін цехының жұмысымен танысқанын, мұндай өндірістік кәсіпорындар өзге де түзеу мекемелерінде ашылуы тиіс екенін баса айтты.

Бүгінгі таңда қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр. Құқық бұзушылықтардың алдын алу тек заңды қатаңдату немесе қылмыскерді жазалау арқылы ғана жүзеге аспайды. Бұл – ең алдымен адамдардың сана-сезіміне, құндылықтарына тікелей байланысты құбылыс. Сондықтан қазірдің өзінде тәрбие мен білім беру жүйесіне, отбасындағы қарым-қатынасқа, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне баса назар аудару қажет. Егер жас буын спортпен, өнермен, ғылыммен айналысса, олардың қылмысқа баруына жол берілмейді. Сол себепті мемлекет тарапынан жастар саясатын дамытуға бағытталған бағдарламалар қылмыс деңгейін төмендетудің маңызды тетігі бола алады.

Сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне байланысты қоғамдағы көзқарасты өзгерту маңызды. Өкінішке қарай, кейде мұндай оқиғаларға «отбасының ішкі шаруасы» деп қарап, араласпау әдетке айналып кеткен. Бұл көзқарасты түбегейлі жою қажет. Әрбір азамат, көрші немесе таныс болсын, зорлық-зомбылықты байқаса бей-жай қарамай, тиісті органдарға хабарлауы тиіс. Сонда ғана тұрмыстық қылмыстарды азайтуға мүмкіндік туады.

Бұған қоса, қылмыс жасаған тұлғаларды қоғамға қайта бейімдеу ісін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Егер бұрын қылмыс жасаған адамдарды қоғам қабылдамай, оларды жұмыспен немесе әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етпесе, олардың қайтадан құқық бұзушылыққа баруы әбден мүмкін. Сондықтан пробация қызметін жетілдіру, жұмысқа орналастыру бағдарламаларын дамыту – келешекте қылмыс деңгейін одан әрі төмендетудің кепілі.

Қорытындылай айтқанда, өңірдегі криминогендік ахуалдың жақсаруы – бір күндік немесе бір жылдың ғана жұмысы емес, ұзақ мерзімді еңбектің жемісі. Бұл бағыттағы жетістіктерді бағалай отырып, шешімін күткен түйткілдерді де жасырмай айту қажет. Ең бастысы – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, ортақ жауапкершілікті күшейту. Сонда ғана біз құқық бұзушылық азайған, әрбір тұрғын өз қауіпсіздігіне сенімді, бейбіт те берекелі қоғам құра аламыз.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.