Зорлық-зомбылықсыз болашақ

Балалар құқығын қорғау – тәуелсіз еліміздің басты құндылықтарының бірі. Өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, құқықтарының сақталуы үшін аянбай еңбек етуіміз керек.
Осы ретт Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен жыл сайын өтетін «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» республикалық ақпараттық науқанның маңызы да, мәніде зор.
Биылғы жылы «Зорлық – зомбылықсыз балалық шақ» ақпараттық науқаны Дүниежүзілік балалар күніне орай өткізілді.
Акция мақсаты – қоғам назарын балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне аудару, тұрғындар арасында қатыгездікке төзбеушілік қарым-қатынастарды қалыптастыру.
Науқан аясында «Мейірімді алақан», «Жетістіктер баспалдағы» жобалары іске асырылды. Сонымен қатар білім бөлімі мен білім беру мекемелерінен кеңес беру тобы құрылды. Топ мүшелері ата-аналарға кеңестер беріп, құқық қорғау қызметкерлері оқушыларға онлайн түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Балалар – еліміздің болашағы. Оларды тәрбиелеу, білім беру, өмірде өз орнын табуына жол сілтеу әр ата-ананың міндеті.
Өзіне қамқорлық жасайтын жандардың қанша мейіріміне бөленсе де, әрбір бала үшін ата-анасының аялы алақанынан артық не бар десеңізші?! Әке-шешенің тәлімді тәрбиесіне зәру боп өскен ұрпақ ертеңгі күні өмірдің түрлі сынақтарына шыдас бере ала ма? Ана жүрегінің жылуын, әкенің қамқорлығын сезінбей өскен бүлдіршін келешекте қатыгез, өмірге өкпелі, ызақор болып өспесе игі деген қауіптен туындаған ойдың қылаң берері де сөзсіз.
Сондықтан жарқын болашақты қалыптастыру үшін балаға алдымен саналы тәрбие беріп, еңбекке, қайырымдылыққа, ізгілікке үйретуіміз қажет.
Ұрпақты тәрбиелеудегі басты ұстаным – күш көрсетуді төмендету және саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында сапалы тәрбие беру.
Қысымсыз өскен ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Тәуелсіз еліміздің болашағы нұрлы болсын.

Майра Базарова,
Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің басшысы