Таңдаулы жаңалықтар:

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ: ҚАУІП ПЕН САҚТЫҚ | Zau.kz

Шымкент қаласының Қаратау ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары бірлесе отырып, аудан аумағындағы елдімекендерде жылыту маусымы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Үгіт-насихат жұмысы барысында, тұрғындар мен жеке кәсіпкерлік нысан иелеріне жылыту маусымы кезіндегі газбен улану тақырыбында арнайы жадынамалар таратылды және сақтық шаралары туралы мағлұматтар айтылды.

Улы газ – иісі жоқ уландырғыш газ, оны көру немесе иісі арқылы сезу мүмкін емес. Адам газды иіскеген кезінде бірнеше минут ішінде-ақ өліп кетуі мүмкін.
Газдан улану көп жағдайда көмірмен және газбен жағылатын пештерді дұрыс пайдаланбау кезінде туындайды.

Осындай қауіпті уланудың алдын алу үшін назарларыңызға бірқатар қауіпсіздік шараларын ұсынамыз.

— үйге (пәтерге, саяжайға) өздігінен газ тартуға, газ жабдығын орнатуға, газ құралдары мен тығын арматурасын ауыстыруға және жөндеуге тыйым салынады. Мұндай жұмыстарды білікті мамандар ғана нормалар мен ережелерге сәйкес жүргізе алады;
— жанып тұрған пешті қараусыз қалдыру немесе оларды бақылауды балаларға сеніп тапсыру өте қауіпті;
— жеке үйлерде мұржа қатып қалмауы үшін қысқы уақытта оны орау керек;
— іске қосылған мұржаны кірпішпен, сондай-ақ мұржадағы жапқышпен жабуға болмайды;
— мұржаның бас жағына құс ұя салмайтындай, сондай-ақ жауын-шашын тамбайтындай орналастырылып жасалуы тиіс;
— газдандырылған пештер мен мұржалардың қалауы, сылағының тығыздығы өзгерген (жарықтар пайда болғанда) кезде пайдалануға болмайды. Мұржаларда және су жылытқыштың түтін шығаратын құбырларында өз бетінше қосымша шиберлер орнатуға тыйым салынады;
— тұрғын үй бөлмелерінде өздігінен қолдан жасалған пештерді немесе өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін пештерді қолдануға тыйым салынады;
— газ бен газ аспаптарын басқа салада қолдануға болмайды.

Егер де газ иісін сезген жағдайда жедел түрде 104 немесе 112 телефон номері арқылы авариялық газ қызметіне хабарласыңыз.