Жол жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде

Өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, ауыл-ауылға қатынайтын қара жолдың да жанға жайлы болғаны қандай жақсы. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, Шу ауданындағы шешімін күт­кен күрделі мәселелердің бірегейі авто­көлік жолда­рының жайы болатын.

Жауынды-шашын­ды күндері, көктем мен күз мезгілінде жүргін­шілер лай-батпаққа батып, әбден әуре-сарсаңға салынса, жаз айларында сапасы сын көтермейтін жолдан шығатын шаңнан құдды бір тұманның арасында жүргендей күй кешуші еді. Бұндайда көлік тізгінін ұстаған жүр­гізушілердің шегетін азабымен қоса, темір тұлпарларының да сұрқы қашатын. Жүргізушілер діттеген жеріне зорға жеткенімен, темір тұлпарының қосалқы бөлшектері сыр беріп,  жөндеуден өткізуге тура келетінін жиі естіп келдік. Бұл қалтаға салмақ салып, жүйкеге ши жүгірткендей әсер етері де жасырын емес. Ал, елді мекендерді бір-бірімен байланыстырып, қыж-қыж қайнаған тынымсыз тіршілікке өшпес нәр беріп жатқан күре жолдардың қадір-қасиетін оның бейнетін тартып жүрген тұрғындардан артық ешкім біле қоймас. Оның үстіне жолдың сапасы адам төзгісіз болса, шоқырақ аттың үстінде келе жатқандай жайсыз күй кешеріңіз айтпаса да белгілі. Кедір-бұдыры мол сапасыз жолдар көңілге қаяу әкелетін. Әсіресе, ауданның ішіндегі ойдым жолдың салдарынан жолаушылардың зардап шегетіні ешкімге құпия емес. Осыған дейін шулықтардың жанайқайына айналған, жөндеу көрмегеніне 10 жылға жуықтаған осынау жол мәселесі қаншама мақалаға арқау болып, дәл осы жолдың айналасында айтылар әңгіме де аз болмады. Осыған қарап-ақ, жол шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуат­ты тірліктің қайнар көзі екенін аңғаруға болады. Өркениетті елдердің барыс-келіс пен алыс-берісте жол қаты­на­сына айрықша назар аударатыны да сондықтан.

Ал, бүгінде көпшіліктің қабырғасына аяздай батқан Шудағы осы бір түйткілдің түйіні біртіндеп шешіле бастаған сыңайлы. Жолдарды қалпына келтіру және оны күрделі жөндеуден өткізу аса өзекті мәселе. Шұғыл түрде жөндеуді талап етіп келген аудан жолдарының жағдайы бүгінгі күні едәуір жақсарып қалған. Қазір Шудағы тақтайдай теп-тегіс жолдар барар жеріңе тез жеткізіп, ешқандай әуре-сарсаңға салмайды. Шу өңірінде күрмеуі келіспеген осынау өзекті мәселені шешу үшін осыдан екі жыл бұрын қарқынды жұмыстар басталып кеткен болатын. Соның ішінде, біз мысалға келтірген ауданның ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары колға алынды. Бұған қоса, 2017 жылы ауданға әкім болып сайланған Қайрат Досаев бұл жұмыстарды өзінің ерекше бақылауында ұстап отыр. Осылайша, бұған дейін көпшіліктің орынды ренішін туындатқан мәселе ретке келе бастады. Қайрат Әскербекұлы әкім болғалы аудандық мәндегі Төле би ауылының кіре беріс автомобиль жолының 2,19 шақырымына, Абай ауылына кіре беріс жолдың 8,68 шақырымына, Шу қаласындағы темір жол бекетінің автотұрақ алаңына және қаладағы Сатпаев, С.Шәкіров, Науалиев көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осындай игілікті іс ауданға қарасты ауылдарда да жалғасын тапты. Мәселен, Бірлік ауылындағы Панфилов көшесінің 2,320 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудан орталығы Төле би ауылындағы Төле би көшесінің 1,2 шақырымына, Мойынқұм ауылындағы Шәкіров көшесінің 0,8 шақырымына, Далақайнар ауылындағы Төле би көшесінің 0,8 шақырымына, Алға ауылындағы Шымырқұл көшесінің 0,63 шақырымына, Сауытбек ауылындағы Қыдырбай көшесінің 0,5 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдардың көркі ажарлана түскен.

Дереккөз: dalanews.kz

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru