Жайылма ауылдық округінде жаңа саябақ ашылды

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге туың тік» айдарымен «Туған жер» бағдарламасын ұсынғаны баршаңызға мәлім.
Тұңғыш Президент сол мазмұнды мақаласында: «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл¬діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?
Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.
Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.
Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағ¬дар¬ла¬масын жинақылықпен және жүйелі¬лікпен қолға алуға тиіс» деген ой қозғады.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында Сарысу ауданында үлкен сауапты іс атқарылды. Ауылдық жерлерде де жомарт қол азаматтарымыз өз үлестерін қосуда.
Осындай игі іс бүгін Жайылма ауылында жүзеге асты.
«Түлектер тартуы» жобасы аясында рухани жаңғыру бағытында 1980 жылы Донда Сенбин мектебін 40 жыл бұрын бітірген түлектердің қолдауымен, Жайылма ауылдық округі Маятас ауылына «Жастар саябағы» салынды.
Жаңаша құлпырған демалыс орнына – «Жастар саябағы» атауы берілді. Саябақтың ашылуында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Есмұрзаев Мұратбек Бұралқыұлы және
Маятас ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұржан Қойшыбаев:
— Халықтың «Туған жерге туың тік» сөзін осындай игілікті шаруаға айналдырғалы шалғайдағы ауылдар біршама жанданып келеді.
Аталған ауылда «Туған жер» бағдарламасы аясында атқарылған екінші бір маңызды шаруа – жаңадан ашылған «Жастар» саябағы. Саябақ осындағы 40 жыл толғандардың бірігіп тындырған істерінің нәтижесі. Жомарттықтарын туған ауылына жұмсап жатқан түлектердің әрқайсы – елінің нағыз патриоты,-деп ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, игі іске атсалысқан түлектерге алғыстарын жеткізді.
Мектеп жанында бос тұрған қоршаулы алаңнан орын тепкен саябаққа оннан аса тал түрлері отырғызылып, арнайы демалып отыратын орындықтар қойылған.
Расында отбасынан артылғанын Отанының бос орнына кірпіш қылып қалағаны осы емес пе?!
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *