Жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты

(Еңбек ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Ә.Ергебековтың Таразда өткен «Елдік елге байланысты» атты форумда сөйлеген сөзі)

 Халқымызда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген даналық сөз бар. Біздің қоғамда жастың да, қарияның да орны ерекше. Елдің келешегі, жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты. Қоғамда қариялардың рөлін көтеру маңызды деп білемін.

Біздің халықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Кезінде азаматтарымыз бір ауыз сөзге тоқтаған. Үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Мықты шешен, дуалы ауызды адамдардың айтқан сөздері жастарды тәрбиелеуде үлгі болып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен.

Қазақтың ақын-жазушылары үлкенді қадірлеу, қарияларымыздың ақыл-өсиетін үлгі тұту туралы аз жазған жоқ. Атап айтсақ, ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» деген өлеңі әрбір қазақтың көкейінде сайрап тұр. Ақын қарияларымыз туралы «ақыл айтып жүрмесе қасымызда, Сонда орнайды жетімдік басымызға» дейді. Қариялардың қоғамдағы рөлі туралы осы жырда:

«Араздасып ағайын кетер еді,

Бір қария болмаса бір ауылда», – деп орынды айтылған. Сөз қадірін білетін адамға мұның бәрі – рухани қазына.

Ақылшысы жоқ ел азады, иесі жоқ жер азады,-деген.

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаһандық дамудың дүбіріне қосылдық. Ұлан-ғайыр алқаптың иесі болдық. «Мәңгілік ел» боламыз деп бөркімізді аспанға лақтырдық. Мәңгілік ел бір күнде орнай қоймайды. Ол–өміршең, мәңгілік идея. Оны да ұғынуымыз қажет.

Қазақ халқы ақылды, дарынды халық. Мен еліме, оның болашағына сенемін. Бастысы – ұйыған ынтымағымызды жоғалтпайық.Ынтымақ деген сөздің мағынасын бала кезден бойға сіңіріп өстік. «Ырыс алды-ынтымақ» деген сөз қадірін ұғындық. Ынтымақты ұғынатын ұрпақ соңымыздан еруі үшін жастардың бойынан көркем мінез көрініп тұруы қажет деп білемін. Мінез-бабаның арымен, ананың сүтімен даритын құбылыс. Алайда осы мінездің қадірін түсіріп, көбіне «оның мінезі жаман», «мінезі сондай» деп жағымсыз құбылыс ретінде айтамыз. Көркем мінезі қалыптасқан адам еңбексүйгіш, арлы келеді.

Кәрілік адамды қартайтпайды. Адамды қол қусырып отырған қартайтады. Жастар тәрбиесіне мән бермеген, жастарға жол сілтемеген кәрілік –зая кетеді. Бала тәрбиесінде ұсақ дүние болмайды. Бала тәрбиесі тамақты оң қолмен алып, Бисмиллә сөзімен бастау, асқа үлкеннен бұрын қол салмау, көршілермен тату тұру, біреудің затын рұқсатсыз алмау, кішіпейіл, мейірімді болу сияқты дүниелердің жиынтығынан құралмақ.

Балаға ұл, қыз демей өздеріне өздері қызмет етуді жастайынан үйрету керек. Еңбекқорлық содан қалыптасады. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамас» деген қағиданы ұғындыруымыз қажет. Елбасының Еңбек қоғамын құрамыз деген идеясы осы отбасындағы еңбекке баулудан басталады.

Бүгінгі жастар –ақылды, зерек жастар дер едім. Осы жиынға дайындық барысында облысымызда жастарға жасалып жатқан игіліктерді көріп марқайып қалдым. Жастар жылында қайтарымсыз несиелердің берілуі, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша қыруар жұмыс бар. Бір дүние ғана көңіліме кірбің түсірді. Бұл жастар арасында өз өзіне қол жұмсаудың жоғарылап отырғаны. Бұл не кесапат? Әлде тәрбиенің, баланы қиындыққа төзуге үйретудің әлсіздігі ме? «Сәби таза тақта, сол тақтаға не жазсаң соны оқисың» дейді Аристотель. Сол таза тақтаға ғибрат пен тәлім жаза алмаған қоғамның індеті ма? Расын айту керек бүгінгі қоғамда кейбір ата аналарға да тәлім керек. Осы мәселеге уақыт оздырмай әсер етуіміз қажет деп ойлаймын.

Баяғыда бір қария жеміс ағашын егіп жатады. Өзі әбден кәрілікке жеткен адам көрінеді. Мұны байқағандар: Ата, бұл ағаштың жемісін өзіңіз көре алмайсыз ғой-десе керек. Сонда ақсақал: Мен болмасам  да, ұрпағым жемісін көрер деген екен. Сондықтан біз ұрпақты ойлауымыз қажет.

Қазақстан даласы Ұлы Түркі дүниесінің қара шаңырағы.Бұл елді өзіміз қорғауымыз керек. Ал отанын емес, өзін қорғай алмайтын ұрпақтың болуы- біздің кемшілігіміз.

Өз отаның –бұл дүниедегі жаннатың мен шуағың. Сондықтан мен жастарға білім мен қажыр- қайратыңды өз еліңнің мүддесіне жұмса дер едім.

Құрметті Асқар бауырым!

Күні кеше ғана Үкімет алдында жаңа жобаңызды қорғап, ел еңсесін тіктесін деп облысымызға қыруар қаржы бөлдіргелі отырсыз. Осының арқасында әр шаңырақ өз кәсібімен айналысуына жол ашқалы отыр. Бұл өте қуанатын жағдай. Расы керек, кейбір үйлерге барсаң жиылмаған төсегінен бөлек, алдындағы алақандай жерін таза ұстамайтын отбасылар жоқ емес. Бұл бастамаңыз кәсіпті дөңгелетіп алып кететін отбасыларға жаңа мүмкіндік беріп, әлгіндей өз ауласына қарамайтын жандарға тәрбие болып, олар да тіктеледі деп ойлаймын.

Әр бастаған ісіңіз берекелі болсын.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *