Таңдаулы жаңалықтар:

ЖАРЫҚТАН ЕНДІ ЖЕТІСПЕУШІЛІК ТУЫНДАМАЙДЫ, ТАБИҒИ ГАЗ БОЙЫНША МОРАТОРИЙ ДЕ КҮШІН ЖОЙМАҚ - Zau.kz

Әлеуметтік желілерде табиғи газды жеке үйлерге кіргізу бойынша жарияланған мораторий төңірегінде туындаған дауға қатысты мәселеге ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен арнайы брифингте тиісті сала басшылары тарапынан нақты жауаптар берілді.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС директоры Мұрат Ибрагимов және «KEGOC» бас инженерінің орынбасары Сырлыбай Оисов, ҚР энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ержан Нұрбеков және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ШӨФ бірінші орынбасары Бауыржан Сатмағамбетов қатысқан жиында мораторий және мегаполистегі жарықтың жиі сөнуіне байланысты мәселенің анық-қанығы белгілі болды.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 1 қарашадан бастап шаһарда кешкі уақытта жарық сөнулер орын алған. Бұл қалада электр қуатының 60-70 Мвт жетіспеушілігінен туындаған.
М. Аймағанбетов оның бірнеше себептерін атап өтті.

-Екібастұз ГРЭС-2-де жөндеу жұмыстарына байланысты Шымкенттің одан алар үлесі 221 МВт-дан 120 МВт-ға, сондай-ақ Шардара ГЭС-те су деңгейінің төмендеуінен 50 МВт 8 МВт-ға төмендеп кетті. Бұл бірінші себеп болса, екіншіден майнингтік жасырын топтар криптовалюта өндіруде электр энергиясын ұрлап жатыр. Криптовалюта жасауда Қазақстан әлем бойынша АҚШ-тан кейін 2 орынға көтерілген. Сондықтан оларды тауып бизнесін заңдастыру қажет немесе электр қуатынан ажырату керек. Солардың кесірінен қалада электр қуатына деген қажеттілік өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсіп кеткен. Қазір осы мәселені қадағалауға алып отырмыз, — деді Мәулен Зарлықұлы.

Қала әкімінің орынбасары электр энергиясының жетіспеушілігін шешу мақсатында нақты қадамдар жасалғаны туралы қуанышты хабарды көпшілікпен бөлісті. Біріншіден энергетика министрлігі, қала әкімдігі және монополист компаниямен болған жиын қорытындысына сәйкес енді мегаполисте әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер жарықтан ешқандай да ажыратылмайды.
Екіншіден электр қуатындағы жетіспеушілік Жамбыл ГРЭС-тен алынатын қосымша 70 МВт есебінен жабылатын болады. 10 қараша күні түнгі сағат 11-де Жамбыл ГРЭС қосымша 3-блокты іске қосады.

Табиғи газға жарияланған мораторийге қатысты қала әкімінің орынбасары былай деді: «АГРС-3″ автоматты газ тарату станциясы толық іске қосылған кезде мораторий өзінің күшін жояды. Бозой-Бейнеу-Шымкент газ құбырының 20 шақырымы қысыммен тексерілді. Енді жуып-шаю жұмыстары қалды. Өткен дүйсенбіде қосылу керек еді. Бірақ қосалқы бөлшегінің істен шығуына байланысты ол кейінге шегерілді. Қосалқы бөлшекті орнатып болған соң АГРС-3-ке газ беріледі. Сосын оны іске қосуға дайындау жұмыстарымен Ресейден келетін мамандар айналысады. Осының барлығы қарашаның соңы немесе желтоқсан айының ортасына дейінгі уақытты алуы мүмкін».

Жалпы аталған газ тарату станциясының қуаты сағатына 250 мың текше метрді құрайды. Қала бүгінгі таңда сағатына 180 мың текше метр газ тұтынуда. Яғни 70 мың текше метр табиғи газ жетіспейді. Осы сұранысты жаңа АГРС-3 іске қосылып болған соң толық өтемек. Нәтижесінде осы күнге дейін қаланы 180 мың текше метр газбен қамтамасыз етіп келген қос АГРС қуаты үнемделіп қалады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *