Жаңатастық кәсіпкерлер жақсылық жасап жарысуда

Жаңатас қаласында тағы бір көпбалалы отбасы баспаналы болды. Ұзақ жылдар бойы пәтерден пәтерге көшіп жүрген жалғызбасты анаға жас кәсіпкер үй сыйлады.
Шаимкұлов Фархат Исақұлұлы бұған дейін де бірқатар азқамтылған отбасыларын азық-түлікпен, басқа да жан-жақты көмекпен қамтып, мүмкіндігінше қол ұшын созып келген екен.
«Осы отбасыны көзім шалған сайын тұрмыс жағдайы тым төмен екендігін байқайтынмын. Көп ойлана келе осындай қадамға барып, Ораза қарсаңында сыйлық жасауды жөн деп шештім. Елімізде пәтер алуға жағдайы келмейтін, көпбалалы отбасылар жетерлік. Мен мұсылман, өз елімнің патриоты ретінде, осындай жандарға өз атымнан көмек көрсетуді жөн деп санаймын», — дейді кәсіпкер.


Енді бұл пәтер балалардың сыңғырлаған күлкісіне толады. Бұл отбасы бұрынғыдай үйден үйге көшіп жүрмейді. Басыбайлы баспаналы болды. Нұргүл есімді жалғызбасты 5 балалы ананың қуанышында шек жоқ. Толқыған ол көз жасына да ерік берді.
«Үйім жоқ еді. Тіршіліктің тауқыметін жас та болсам аз көрмедім. Жыртық үйдің де жамауы бар деген рас-ау,жоқ жерден 2 бөлмелі үй берді. Мұндай болады деп ойламап едім. Іші күшті, бәрін жасап қойыпты. Бұл кісіге рахмет көп. Алланың нұры жауа берсін. Аспанымыз ашық болсын. Аналардың жағдайын жасауға барынша көңіл бөліп жатқан облыс басшысы Асқар ағамызға алғысым шексіз.», — дейді Нұргүл Қонысбаева.
Жаңадан көрші болып жатқан Нұргүлдің жаңа көршісі 76 жастағы 8 бала, немере шөбере сүйген ана
Мәріш Байзақова шашу шашып қуанып, жақсылық жасап жатқан азаматтарға ақ батасын берді.

Ал, мұның алдында жергілікті кәсіпкерлер Дәулеталды Жанбаев пен Тоқтасын Бләлиев бір-бір отбасыны баспанамен қамтып, көптің алғысына кенелген болатын.

Дариха Үмбетиярова

Заула, ақпарат!

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru