Жаңатаста химиктер күні кең көлемде аталып өтті

Мемлекет басшысы химия саласына да ерекше назар аударуда. Осындай қамқорлықтың арқасында облыстағы іргелі кәсіпорын-«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені де қанатын кеңге жайып, жылдан-жылға өнім өндіру көлемін арттырып, табыстың тайқазанын қайнатуда.  Тәуелсіздік алдық. Егемен еліміздің жарқын болашағы арайлап атты. Осы жылдар ішінде мемлекетімізде дүр сілкінтер сансыз жаңалықтар орын алып, халқын шексіз қуаныштарға бөледі.
Тоқырауды бастан өткізген шағын қалалардың экономикасы көтеріліп, алыста жатқан аудандардың да ахуалы жақсара түсті. Жаңадан нысандар бой түзеп, жаңа жұмыс орындары ашыла бастады. Мұның барлығы бір-ақ күнде шешімін тапқан жоқ. Талай жылдар әртүрлі саладағы мамандардың тынымсыз еңбектерінің арқасында қол жеткізген толайым табыс екендігіне жұрт куә.


Міне, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік үлесі бар, әлемге фосфорымен танылған «Қазфосфат»ЖШС-нің бүгінде ісі ілгері. Осы алып компанияның ауданымыздағы іргелі кәсіпорны «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені күні бүгін өздерінің төл мерекелерін атап өтті.
Қашанда өндірісшілердің өнімді еңбектері елеусіз қалған емес. салтанатты Шарада Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек кеншілерді мерекемен құттықтап, олардың ауданға тигізген еңбектерін атап өтті. Жұмыстарына толайым табыс тілеп, кеншілерді марапаттап, сый-сияпат тарту етті. Ауданымыздағы қос алпауыт кен орынының бірі «Еврохим» ЖШС-інің өкілі Бақытжан Байділдаев әріптестеріне ізгі ниетін білдіріп, тартуларын тапсырды. Айтулы мерекеде кешен басшысы Мұратқали Сәрсенов кен саласында елеулі еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлерін ардақтап, жұмысшы-қызметкерлері арасынан ерекше көзге түскен азаматтарға да сыйлықтар үлестіріп, төсбелгі, құрмет, алғыс хаттар табыс етті. тау қопарып, тас жарған кеншілер мерекесі әсем ән мен әдемі биге, тарихи көріністер мен шабытты жырларға ұласты. Сахна ерекше безендіріліп, атшаптырымдай кең аумақта орналасқан стадионда үш ақшаңқай киіз күй сап түзеп тұрды. Мәре-сәре болған сарысулықтар көңілді кештің куәсі болып қайтты.

Дариха Үмбетиярова


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru