Жаңатасқа көп жақсылық жасады

 

Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Үндеуі және ондағы президенттік мансабын аяқтайтыны туралы шешімі ел халқы үшін күтпеген жаңалық болды. Дегенмен Үндеуде Нұрсұлтан Әбішұлы отыз жылдай басшы болған жылдары елдің өзіне үлкен сенім артып, қандай қиын-қыстау кезде де бірге болып, ұстамдылық танытқанына, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің аяққа тұруына жұдырықтай жұмылғаны үшін халқына зор алғысын білдірді.

Айта берсек, Тұңғыш Президентіміздің елі үшін жасаған жақсылығы, Қазақстанның ішкі-сыртқы қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін аянбай еңбек еткенін жақсы білеміз.

Экономикада көптеген бетбұрыстар жасап, реформалық бағдарламаларды жүзеге асырды. Мұның бәрі халықтың әлеуметтік жағдайының оңалуы үшін қолға алынған үлкен шаруалармен астасып жатыр.

Солардың бірі   кезінде өндірісі қарқын алып, тәуелсіздіктің алғашқы қиын шағында тоқырауды бастан кешірген шағын қалалардың қайта еңсе тіктеуіне үлкен жанашырлықпен қарайласқаны жан қуантады. Мәселен, бір ғана «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында Жаңатас қаласында көптеген әрі нәтижелі жұмыстар атқарылды.

«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компаниясы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы аталған бағдарлама бойынша моноқалалар тұрғындарын жұмыспен қамтудың тиімді құрылымын құру үшін, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында республикалық бюжеттен қыруар қаражат бөлінді.

Бағдарлама аясында Жаңатас қаласы бойынша 9 бюджеттік инвестициялық жоба анықталып, 2012 жылы 82,9 миллион теңге бөлінсе, келесі жылы бұдан көп қаржы қарастырылды. Яғни 2013 жылы Жаңатас қаласын көріктендіріп, суландыру, ішкі кварталдардың жылу жүйесін қайта жаңғырту, кәсіпкерліктің өрісін ашуға арналған несие беру, бұзылған көпқабатты тұрғын үйлердің орнын тазалау бағытында 660,6 миллион теңге бөлініп, біраз жұмыс атқарылды. Жалпы, бағдарлама Жаңатас қаласында жүзеге асқан 2012-2015 жылдары аралығында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін барлығы 2 миллиард 151,8 миллион теңге бөлінді. Алдағы уақытта қала халқы бағдарлама жақсылығын әлі де көре жатар деген үміттеміз.

Жалпы, Жаңатас халқы Нұрсұлтан Әбішұлының мұндай қамқорлығын қашан да жоғары бағалап, құрметтейді.

Қазақ елінің бір азаматы  әрі мемлекеттік қызметші ретінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлына үлкен алғыс айтамын. Ұлт Көшбасшысының мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында атқарған ерен де ұшан-теңіз еңбегі жұрт жадында сақталатыны анық.

Сәкен МАМЫТОВ, Жаңатас қаласының әкімі,

Жамбыл облысы 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *