Жаңатас «жабық» қалаға айнала ма?

Кейінгі кездері көпшілік арасында «Жаңатас «жабық» қалаға айналады екен», «Саудакент ауылы бұрынғыдай Сарысу ауданының орталығы болатын көрінеді» деген сөздер жиі айтылуда. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, мұндай қауесеттің тарауына не түрткі болуы мүмкін? Бұл тұрғыда жергілікті әкімдіктің өкілдері не дейді? Осы орайда біз алыпқашпа әңгіменің ақиқатына көз жеткізуге тырысып көрген едік.

Кеншілер шаһары- Жаңатас қаласының келмеске кеткен Кеңес одағы кезінде тікелей Мәскеудің қамқорлығында болғаны белгілі. Мұнда қандай нысандар салынады, жұмысшы күші қай жақтан тартылады, барлығы Кремльдің «қас-қабағына» қарай реттеліп отырды. Есесіне, шаһар да аз жылда шырайланып, алып құрылыс алаңына айналды. Инженерлік инфрақұрылым тау-тасқа қарамастан қарқынды түрде жүргізілді. Көпқабатты тұрғынүйлер де, әлеуметтік нысандар да көптеп салынды. Тоғыз ықшам аудан бой көтерді. Халық та тығыз қоныстанды. 1989 жылы осы Жаңатаста 60 мыңға жуық тұрғын ғұмыр кешкен десе иланатындар аз бүгінде. Бірақ, шындығы солай.

Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы ауыртпалық  кеншілер шаһарына да оңай соққан жоқ. Одақтас мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың үзілуінен Жаңатастың бренді-фосфор өнімдері өткерілмей, тау-тау болып үйіліп жатты. Соның салдарынан жұмыссыздық белең алып, жалақыдан қағылған жұртшылық ереуілге шықты. Қаланың дәуірлеген жылдары жан-жақтан жиналған  этнос  өкілдері тарихи отандарына, еліміздің өзге аймақтарына қоныс аударды. Күнкөріс қамымен сыртқа кеткен тұрғындардың да қарасы қалың болды.

Терең тоқырауға тап болған Жаңатастағы түйткілдердің түйіні 1997 жылдан тарқатыла бастады. Сол жылы шаһар Елбасының Жарлығымен Сарысу ауданымен біріктіріліп, аймақ орталығы болып белгіденді. Ал, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған  бағдарламасының қабылдануы қаланың тынысына тың серпін берді.

Қазір аудан орталығы адам танымастай өзгерген. Биылдың өзінде мұнда бірталай тірлік тындырылған. Жаңатас қалалық әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, көктем айларында «Строитель», «Горняк», «Фосфорит» саяжайларының 13 көше жолдарын грейдермен тегістеу жұмыстары жүргізілген.

Қаладағы «Горняк» саяжай кооперативіне 5 миллион  350 мың теңгеге жаңа ВЛ-0,4 кВ электр желілері ауыстырылып, қолданысқа берілді. Бүгінде  осы саяжай тұрғындары жеке тұлға ретінде электр жарығына 14 теңгеден төлеп өтыр. Сонымен қатар «Горняк» саяжайына 1056,0 мың теңгеге түнгі көше жарығы  орнатылыпты.

Жаңатас қаласындағы 1 шағын аудан №23 үйдің артқы жағына, Амангелді көшесіне және «Болашақ» балабақшасының  алдына жаңадан 3 аялдама қойылған. Ал, «Ұрпақтар» аллеясы мен оралық саябақта тәуліктің қараңғы мезгілінде самаладай жарқырап тұр. Орталық саябақ ішіне балаларға арналған 1 кіші, 1 үлкен карусельдер орнатылып, айналасына брусчатка төселген. Бұдан бөлек  «Еңбек ерлері» аллеясындағы аркаға 508,0 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жаңатас қаласындағы жаңа мешіт алдына қала тұрғындарының кешкі уақытта серуендеп, отырып демалуы үшін «Ынтымақ» саябағы салынып, пайдалануға берілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап орнатылған ескерткіш «Еңбек ерлері» аллеясына ауыстырылды.

Сонымен қатар 2019 жылы атап өтілетін Кеңес әскерлерінің  Ауғанстан жерінен шығарылғанына  30 жыл толуы қарсаңында аудан әкімі Балабек Нарбаевтың бастамасымен «Ұрпақтар» аллеясына интернационалист-жауынгерлердің құрметіне арналған  ескерткіш орнатылды. Бұл жұмыстар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған. Әрине, тізе берсең, тірлік көп.

Енді «жабық қала» тақырыбына ойысайық. Жаңатас қаласының әкімі Сәкен Мамытовтың айтуынша, бұл қауесет шындыққа жанаспайды. Сондықтан да алыпқашпа әңгімеге сенім артуға еш негіз жоқ.

Дейтұрғанмен, көпшілік арасында айтылып жүрген дақпырттың ресейлік «Еврохим» компаниясының аймаққа инвестиция салуынан кейін пайда болғандай. Оның үстіне алып кәсіпорынның  Жаңатас қаласын жаңғыртуға бағытталған «Мастер-план»  дайындағаны тағы бар. Аудан әкімдігі құрылыс бөлімінің берген ақпаратына сүйенсек, бұл «Мастер-план» қазіргі таңда облыстық әкімдік деңгейінде талқылануда көрінеді. Кейбір тұстарда келіспеушіліктердің де туындап жатқанын жоққа шығаруға болмайды.

Айта кету керек, биылғы  13 шілдеде   аудан әкімдігі мен «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС жауапты өкілдерінің қатысуымен бас жоспардағы өзгерістерді «Мастер-план» жобасымен қаралған ұсыныстарды қайта зерделеу бойынша кездесу өткізілген.  Нәтижесінде «Мастер-план» жобасы бойынша ұсынылған 6 ұсыныс бойынша  5 ортақ келісімге қол жеткізілсе,  1 ұсыныста тараптардың ұстанымдары сәйкес болмай шықты. Ол жұртшылық асыға күтіп отырған  «Жастар» ойын-сауық кешені орналасатын жердің төңірегіндегі тартыс.

Біріншіден, «Еврохим-Тыңайтқыш» ЖШС өкілдерінің кешенді орналастырудың жер телімі бойынша алдын ала келісімдері болған. Екіншіден, ғимарат Тараз бағытынан кіре беріс күре жол бойына, яғни  Әулие ата көшесіне  орналасатын сәулетті нысан болмақ. Үшіншіден, бүгінгі күнге жоба сараптамаға ұсынылған. Төртіншіден, оның орналасатын орнын қайта өзгерту жобалық-сметалық құжаттаманы  қайта түзетуді және бюджет қаржысын шығындауды талап етеді. Бесіншіден, «Еврохим-Тыңайтқыш» ЖШС ұсынып отырған жер телімі қатпарлы тау-тасты болғандықтан,  жоба қосымша қымбаттайды. Алтыншыдан, «Еврохим-Тыңайтқыш» ЖШС ұсынып отырған жер телімінің 500-600 метр радиуста бокс мектебі, би үйірмесі, 2 футбол алаңы, теннис корты, 3 саябақ, 2 мектептің спорт залы, балалар ойын алаңы, шомылу жағажайы бар. Ал, әкімдік тарапынан ұсынылған жер телімінің 500 метр радиусында 1 шағын футбол алаңы мен  мектептің спорт залы ғана орналасқан. Міне, осындай мәселелер тұрғысында нақты мәмілеге келу қиындау болып тұрғандай. Әрине, шындап кіріссе, шешілмейтін түйін жоқ.  Қайткен күнде де компания ұсынған «Мастер-план» қаланың бас жоспарымен бірлескен негізде жүзеге асырылуы тиіс.

Міне, жаңғырған Жаңатастың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Бір сөзбен айтқанда,  атқарылған тірлік аз емес, алдағы мақсаттар одан да ауқымды. Ендеше, Сарысу ауданы серпіліп, кеншілер шаһары көркейе берсін!

 

Шәкір ШӘУТЕН


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru