Таңдаулы жаңалықтар:

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТТА БАСТАЙДЫ

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Жанат Арысбекқызы жаңа оқу жылының басталуы туралы сөз қозғады.

– Биылғы оқу жылында қалада білім беру ұйымдары 17-ге артып, 785 мекемеде 350 мыңға жуық білім алушымен басталғалы отыр. Оның ішінде 1-сыныпқа 25 005 бала қабылданды. Мектеп табалдырығын аттаған бұл бүлдіршіндерге «Әліппе» оқулығы табысталады. Осы орайда алғашқы қоңырау мерекесі мектеп ауласында өтеді. Ал оқушылар жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайды. Бұл ретте мектеп формасына қойылатын талаптар сақталады. Бірақ білім ордасына классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге де рұқсат етіледі. Айта кететін жайт, биыл мектеп формасы үшін бір реттік қаржылай көмек 30 000 теңге көлемінде 57 466 балаға берілді, – деді басқарма басшысы.

Брифингте белгілі болғандай, қаладағы білім ұйымдарында күнделікті термометрия, кварцтау, желдету, дезинфекция және бетперде режимі сақталады. Ал барлық білім ұйымында «Ashyq» жобасы толық қосылған. Осы орайда педагогтер мен техникалық персоналдар 100% (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) вакцина алған.

Спикердің сөзінше, білім алушы ауырған жағдайда сынып қашықтықтан оқытуға жіберілмек. Науқас және байланыста болған ата-аналар жағдайында балалар қашықтықтан білім алады. Сондай-ақ, «бір сынып — бір кабинет» талаптары сақталады.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының мектептеріндегі жалпы компьютер саны – 56 746 дана. Қазіргі таңда қала бойынша мектептерде орта есеппен 1 компьютерге келетін оқушы саны 4-ті құрайды. Ал бүгінде бейнебақылау, турникет және дабыл батырмаларын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында үшінші мегаполисте 263 кабинет, 178 интерактивті тақта (50-физика, 95-химия, 82-биология, 13-STEM, 23-робототехника кабинеттерін) орнату жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттер үлесі 62,5 пайызды құрамақ.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *