Жамбылдық журналистер-жарыс жолында

 Қасиетті Әулиеата өңірінде Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі басталып кетті.  Осы орайда алғашқы шаралардың бірі ретінде «Тараз-Арена» спорт кешенінде дәстүрлі спартакиада өтіп,  сала мамандары сынға түсті. Спорттың бес түрінен өткен сайыста әріптестер қауымы әліне қарай әлеуеттерін байқатты.

Жарыс болған жерде шын жүйріктердің шашасына шаң жұқтырмайтыны белгілі. Бұл  додада да дүлдүлдер дараланып шықты. Әсіресе, аяқдоп аламаны тартысқа толы болды. Топтық кезеңде тосылмай, ақтық айқасқа шыққан «Тараз Пресса» командасы мен «77TV» телеарнасының жігіттері негізгі уақытта бірін-бірі ала алмады. Ойын тағдыры пенальтиде шешіліп, «Тараз Пресса» командасының асығы алшысынан түсті. Ал, үшінші орын «Jambyl» телеарнасының футболшыларына бұйырды.

Үстел теннисінен ерлер арасында өткен сайыста М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың  қызметкері Диас Шаухаров қарсылас шақ келтірмей, бірінші орынды қанжығаға байлады. Қыздар арасындағы бәсекеде  «Jambyl» телеарнасының қызметкері Гүлнұр Қайратқызы жеңімпаз атанды.

Дойбыдан ерлер арасында өткен додада «Aq jol» газеті бас редакторының орынбасары Асхат Райқұлға тең келер ешкім табылмады. Ал, қыздар арасында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Дарина Әлімқұл дес бермеді.

Арқан тартыста «Jambyl» телеарнасының жүректі де білекті қызметкерлерінің айы оңынан туды. Олар ақтық айқаста облыстық «Знамя труда» газетінің командасын қапы қалдырды. Бұл сында үшінші орынды  «77TV» телеарнасы еншіледі.

Қол күресінен ерлер арасында «Знамя труда» газетінің қызметкері Кирилл Ким үздік шықса, қыз арасында Қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің өкілі Шынар Иманәлиева шын мықты екенін дәлелдеді.

  Жалпыкомандалық есеп бойынша «спорттың барлық түрінен жүлделі орындарға қол жеткізген Jambyl» телеарнасының ұжымы бірінші орынды иеленді. Екінші орынды «Знамя труда» газетінің редакциясы еншілесе, үздік үштікті «Тараз Пресс» командасы түйіндеді.

         Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан медальдар мен дипломдар табыс етілді.

Бақыт ӘМЕДИЯ

 

 

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *