Жамбылда онлайн режимінде пікірсайыс турнирі өтті

Ағымдағы жылдың 26 сәуір күні облыста алғаш рет онлайн пікірсайыс турнирі өтті. Турнир мақсаты: Жастар арасында интеллектуалды әлеуетті көтеру және шешендік өнер мен критикалық ойлауды дамыту. Турнирді ұйымдастырушылар: Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» ЖҚБ, «Жамбыл – адалдық алаңы», ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті.
Турнирге іріктелген 2 жоғары оқу орны мен 8 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінен 18 пікірсайысшы қатысты. Турнир «hangouts» платформасында өтті.
Турнирдің алғашқы 3 іріктеу кезеңінен үздік танылған 8 студент ¼ финалына жолдама алды. Одан іріктелген 4 студент ½ финалына жолдама алды және үздік екі студент финалда турнир жеңімпазын анықтады.
Турнир барысында қатысушылар бірнеше тақырыпта ой қозғап, елімізде соңғы орын алған оқиғалар аясында пікір таластырып, түйінді мәселелерді шешуде тұшымды ойлар айтты, сонымен қатар кез-келген салада адалдықты, әділдікті сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
Нәтижесінде бірінші орынды Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Темірболат Назерке, екінші орынды Қаратау құрылыс техникалық колледжінің студенті Қаржаубайұлы Есенбек, үшінші орынды Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Саурамбаева Балнұр иеленді. Сонымен қатар «Үздік талпынысы үшін» номинациясын Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Амангелді Ұлжан және «Үздік төреші» номинациясын Кенжебекова Айсұлу иеленді.
Турнир қорытындысы бойынша үздік танылған пікірсайысшылар алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.