Таңдаулы жаңалықтар:

Жамбылда есірткі қылмысы 64 пайызға, алаяқтық – 82 пайызға артқан

Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияларының отырысы өтті.

Басқосуда ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ, 2018-2020 жылдары өткен сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың қорытындылары қаралды.

Облыс әкімі атап өткендей, есепті кезеңде жалпы қылмыс саны 7,8 пайызға төмендеген, алайда кейбір қылмыс түрлері бойынша өсім тіркелген. Айталық, есірткі қылмысы 64 пайызға, алаяқтық – 82 пайызға, жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар көрсеткіші 39 пайызға артқан.

«Жастардың қатысуымен орын алатын оқиғалардың қайталанып отырғандығы алаңдатады. Бұл ретте мектептер мен оқушылардың ата-аналарының бірлескен жұмысының әлсіздігі айқын байқалады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Қалметовтың айтуынша, бірінші тоқсанда 196 есірткі қылмысы жасалған, 154 килограмнан астам тыйым салынған заттар тәркіленген. Жастар арасында 117 алдын алу іс-шаралары, атап айтсақ дәрістер, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілген. Есірткіні жарнамалайтын 14 сайт бұғатталып, 250 граффит-жазулары жойылған. Шу алқабына келетін болсақ, Нұржан Қалметов 1989 жылы жасалған жабайы сораның өсу картасын жаңартуды ұсынып, арнайы техника мен дрондарды сатып алуға көмек көрсетуді сұрады. Көптеген марихуана жеткізушілер қиын соқпақтарда атпен кесіп өтуді жөн көреді десек, бұл оларды қолға түсіруді қиындатуда.

Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов қылмыстың ашылу деңгейі жоғарылағанын баса айтты. Шөлдала массивінде полиция тірек пункті құрылып, оның штаты тәжірибелі офицерлермен күшейтілген.

«Әсіресе Мойынқұм аймағындағы заңсыз кеншілерді анықтау жұмыстарын күшейту керек. Бағалы металдар контрабандасына нық тосқауыл қойылуы қажет», — деді облыс әкімі.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқарма басшысы Дәурен Райымқұлов айыппұлдарды өндіру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі туралы баса айтты.