Таңдаулы жаңалықтар:

Жамбылда бір күнде төрт шенеунік тағайындалып, біреуі отставкаға кетті

Жамбыл облысында бір күнде төрт шенеунік тағайындалды. Ал, облыс әкімінің орынбасарларының біреуі отставкаға кетті. Нақтырақ айтсақ, бұл күні алдымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Талас аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес Мәдібек Қанатбек Қайшыбекұлы Талас ауданының әкімі болып тағайындалды. Ауданның жаңа басшысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев таныстырды.

Аудан активінің отырысында аймақ басшысы бұған дейін Талас ауданын басқарып келген Бақыт Қазанбасовқа атқарған қызметі үшін алғысын білдіді. Ал Қанатбек Мәдібекке ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңдылық пен тәртіпті нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.

«Бақыт Қазанбасов Талас ауданының дамуы жолында көп тер төкті десек, оған сол үшін алғыс айтқым келеді. Қанатбек Мәдібек – тәжірибелі басшы. Сіздер оны қолдап, аудан игілігі үшін бірлесе жұмыс жасайтындарыңызға мен сенемін»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде Бақыт Қазанбасов ауданның дамуы жолында аянбағанын жеткізіп, жаңа әкімге сәттілік тіледі. Ал, Қанатбек Мәдібек бұл тағайындаудың өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін тілге тиек етіп, қолдау көрсеткен мәслихат депутаттарына рахметін білдіріп, белсенділерді бірге жұмыс істеуге шақырды.

Мәдібек Қанатбек Қайшыбекұлы 1977 жылы туған, білімі жоғары. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Жаңатас қаласындағы «Водоканал» кәсіпорнында инженер болып бастаған. Әр жылдары Сарысу ауданы әкімі аппаратында кеңесші, бас маман, бөлім меңгерушісі, Сарысу ауданы Жаңаарық ауылдық округінің әкімі, Жамбыл облысы әкімі аппаратында бас инспектор, бөлім меңгерушісі, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Сарысу ауданының әкімі, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшысы. Ал, 2020 жылғы тамыздан бастап Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.

Сондай-ақ, осыдан іле-шала Талас әкімінің лауазымынан босаған Бақыт Қазанбасов Байзақ ауданының әкімі болып шыға келді. Бақытты да байзақтықтарға Б. Сапарбаевтың өзі арнайы таныстырып, сенім білдірді. Ал, Байзақ ауданың бұған дейін басқарып келген Нұржан Нұржігітов облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтің орнына барды. Яғни, Нұржігітов облыс әкімінің орынбасары атанды.

Бұған дейін  бұл қызметті атқарып келген Нығмашев Берік Болатұлы өз еркімен отставкаға кету туралы өтініш беріпті.

Бұл күнгі тағайындаулардың нүктесі Қанатбек Мәдібек босатқан облыс әкімі аппаратының басшылығына Президенттік жастар кадр резервінің құрамындағы Медетов Расул Махмудұлының отыруымен қойылды. Медетов Расул Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес тағайындалды.

Ол 1986 жылы туған, білімі жоғары.

2008 жылы Алматы заң академиясын «Құқықтану», 2010 жылы «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетін «Экономика», 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Заң және саясаттану» (магистратура), 2016 жылы Шеффилд университетін (Ұлыбритания) «Басқару және мемлекеттік саясат» (магистратура) мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2009 жылы Алматы гарнизоны әскери сотының жетекші маманы болып бастаған Расул әр жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің бас сарапшысы, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Жоғарғы Сот Төрағасы хатшылығының сарапшысы, ішкі бақылау бөлімінің бас сарапшысы, бас консультанты, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі көрсетілетін мемлекеттік қызметтер департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы қызметтерін атқарған.

2020 жылғы қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің серіктестік департаментінің директоры лауазымында қызмет атқарып келді.