Жамбылда «Алаш ұстанымы – ұлт мұраты» атты республикалық конференция өтті

Бүгін Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен  «Алаш ұстанымы – ұлт мұраты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Баршаға белгілі, 1917 жылғы 5-желтоқсанда Орынбор қаласында басталып, бір жұмаға созылған  жалпықазақ құрылтайында Алашорда автономиясының құрылғандығы жария етілген болатын.  Қазақ халқының азаттық жолындағы күресіне үлкен бетбұрыс әкелген айтулы жиынның  101 жылдығына орай Әулиеата жерінде ұйымдастырылған байыпты басқосуға елімізге танымал тарихшы-ғалымдар қатысып, тағылымды әңгіме өрбітті.

Конференцияны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, Елбасының жуырда ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының қазақ тарихын кеңінен зерттеуге, тереңнен тануға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.

Алашорда тарихы арқылы тарихи сананы жаңғыртуда Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын басшылыққа алып, жұмыс жүргізуіміз қажет. Әсіресе, «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасы Алаш тарихы үшін тамаша мүмкіндіктер беріп отыр. Себебі, Алаш тарихына қатысты құнды құжаттар Ресей, Өзбекстан сынды мемлекеттердің архивінде сақтаулы тұр. Ондағы құжаттарға қол жеткізу – қиынның қиыны. Осы кедергілер «Архив – 2025» бағдарламасы арқылы шешіледі деп үміттенеміз. Сондай-ақ, Елбасы мақаласында  «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу қажеттігі айтылды. Бұл орайда, облыс әкімі зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер кеңесінің ұсынысын ескеріп, Тұрар Рысқұлов ескерткішін «Мамыр» саябағына көшіруді тапсырды. Алдағы уақытта бұл саябақты «Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу» саябағы деп атап, он-он бес Алаш арысының бюст ескерткішін қою жоспарланып отыр, – деді Берік Уәлиұлы.

Басқосуда  ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді,  халықаралық «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Жүсіп,  ҚР Ұлттық Музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбай,  Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті Ерлан Сайлаубай, «Асу» қоғамдық бірлетігінің төрағасы Москау Нокрабеков сөз алып, тың деректерге негізделген ойларын ортаға салды.

Конференция соңында арнайы қарар қабылданды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *