Таңдаулы жаңалықтар:

Жамбылда үш айда 24 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық  тіркелген 

Жамбылда үш айда 24 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген.  Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияларының отырысында айтылды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Әділхан Әшірбаевтың айтуынша, бірінші тоқсанда 24 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға аз. Шығын 65,1 миллион теңгені құрап, оның 58,7 миллион теңгесі өндірілді. Ведомство өз қызметіндегі басты назарды алдын алу жұмыстарына   аударуда.

Жалпы, 2015-2025 жылдарға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия аясындағы 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аяқталды. Десек те, кеткен кемшіліктер де жоқ емес. Айталық, Талас ауданындағы сервистік әкімдік нақты іс жүзінде жұмыс істемей келген. Халыққа қызмет көрсетуге арналған залдардың жай-күйі сын көтермейді. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша ақпараттық топтардың жұмысы әлсіз, кейбір жерде ондай топтар мүлде құрылмаған. Олардың құрамындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қоғам белсенділері санаулы ғана. Мемлекеттік сатып алу, жер телімдерін беру және әлеуметтік көмек көрсету салалары сыбайлас жемқорлыққа аса бейім бағыттарға жатады. Әділхан Әшірбаев лауазымды тұлғалардың атқарылған жұмыс актілеріне қол қоюына ішкі аудит қызметінің бақылауын күшейтуді, жер комиссияларының отырыстарын аудио және бейнежазбалар арқылы өткізуді, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен беру процесін автоматтандыруды ұсынды.

Аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа бірден бес қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысын жеке назарға алуды тапсырды. Бұл Т.Рысқұлов және Талас аудандарының әкімдеріне де қатысты. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановқа шаруалардың мемлекеттік субсидияларды жыл сайын бір шаруа қожалықтар алады деген шағымдарын жіті қарау жүктелді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Сұлтанхан Шәкір мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жағдайлар туралы баяндады.

Облыстық мәслихат депутаты, ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің төмендеуінің басты себебі – сыбайлас жемқорлық екенін атап өтті. Оның пікірінше, барлық басқармалар мен департаменттерде алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Айталық, ТИГУ-нің студенттер үйінде парасаттылық дүкені ашылып, студенттер арасында оның танымалдылығы арта түсіпті. Жастар сенім, адалдық және парасаттылық сияқты адами құндылықтарді бойға сіңіруде. Сонымен қатар, халық қалаулысы құқық бұзушылық жасаған шенеуніктерді қызметінен босатуды, ал мониторингтік топтардың құрамына депутаттарды қосуды ұсынды.

«Адамдар өздерін қауіпсіз сезінулері керек. Билік органдарының басты міндеттерінің бірі – қылмыс деңгейінің өсуіне жол бермеу және сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерімен күресу. Азаматтық сектор өкілдерін түрлі комиссиялар мен мобильді топтарға көбірек тарту қажет. Мемлекеттік қызметтегі бос лауазымға таңдалатын үміткерлер қатаң іріктеуден өтуі маңызды. Ең алдымен моральдық-этикалық өлшемдерге сәйкес болуы тиіс», — деді Бердібек Сапарбаев.