Жамбыл облысының барлық аудандары «Сервистік әкімдік» форматына көшті

25/12/20201min460

25 желтоқсан күні Жуалы ауданында «Сервистік әкімдік» әкімдік ашылды. Осымен Жамбыл облысының барлық ауданы және Тараз қаласы «Сервистік әкімдік» форматында жұмыс жасауда.
Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай ауданда көпшілік пайдаланатын нысандардың бірі – сервистік әкімдік ғимараты салтанатты түрде ашылды. Аудан орталығындағы Қонаев көшесінде орналасқан «Қазақстан Халық банкі» АҚ Жуалы аудандық бөлімшесі ғимаратының екінші қабатын аудан әкімдігі сатып алып, бір ай бойына жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Аудан тұрғындарының көзайым қуанышын бөлісуге Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, аудан басшылары, ардагерлер ұйымдары мен жұртшылық өкілдері шақырылды.
Ашылу салтанатында сөз алған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев мамандарды бір алаңға шоғырландыру арқылы аудан тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын мен жылдамдығын арттыру және сыбайлас жемқорлықты жою мақсатын көздейтін сервистік әкімдіктің ашылуымен құттықтады.
Сервистік әкімдік ғимаратының таспасын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков кесті. Жиналғандар ішке еніп, сервистік әкімдік бөлмелерінің жабдықталуын көрді. Жалпы мұнда аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, құрылыс және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдері орналасқан. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін ортадағы ашық фойден 5 терезе жабдықталған. Онда әр бөлімнің бір маманы мен «Жуалы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің консультанты қызмет көрсетеді. Сондай-ақ анықтама орны, мәжіліс залы орналасқан.
Сервистік әкімдік ғимаратын аралау барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев ауданда сервистік әкімдіктің іске қосылуымен Жамбыл облысы әкімдіктерінің толықтай сервистік форматқа көшірілгенін атап көрсетті.