Жамбылдағы ең белсенді қариялар кімдер?

«Қарты бар елдің-қазынасы бар»… «Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең»… «Көп жасаған қария-ақылы асқан дария»… Шынында да, қазақ үлкенді үлгі тұтып, өсиетін өмірлік ұстанымымен сабақтастырған данагөй халық. Тұтас елі төріне шығарып, төбесіне көтерген қазыналы қариялар Жамбыл облысында да аз емес. «ZAU.KZ» ақпарат агенттігі қоғам өміріне белсене араласып жүрген міне, осындай ардагерлерді санамалап көрген еді.

Қазыналы қария дегенде ең алдымен ойымызға Байзақ ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылында тұратын Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова оралды. Ғасыр жасаған кейуананың ғұмыры ғибратқа толы. Шаңырағына бата сұрай барған баршаны құшағына басып, маңдайынан сүйіп, «Айналайын-ай» дегенде етжүректің елжіремеуі мүмкін емес. Ол-ол ма, қарт ана өткен жолғы сайлауда көрегенділіктің де, белсенділіктің де үлгісін көрсетті. Жауапты мамандар Еңбек Ерінің үйіне хабарласып, «Дауыс беру жәшігін өзіміз апарамыз» дегенде, «Тәйт әрі, о не дегендерің? Өз аяғыммен барып, дауыс беремін» деуі де көпті көргендіктің бір қыры болса керек.

Тоқсанға келсе де тобасынан жаңылмаған Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ардагер журналист Баттал Жаңабайұлының да өмірі тағылымға тұнып тұр. Ата газет- «Ақ жолды» жиырма жыл басқарған қаламгер егде тартқандығына қарамастан, ел-жұртпен емен-жарқын араласады. Баттал көке таяуда өзінің мерейтойына орай журналистер арасында өткен бильярд турниріне келіп, шар ұрғанда шәкірттерінің шалқасынан түсе жаздағаны бар.

Парламент Сенатының экс-депутаты, Жамбыл облыстық қоғамдық кенесінің төрағасы Жандар Кәрібайұлын, зейнет жасында болса да, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып келе жатқан Бағлан Қарашолақовты белсенді қариялардың қатарына қоспау мүмкін емес. Өйткені, ол кісілердің жұмысы енжарлықты кешірмейді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты  маңызды мәселелердің бел ортасында жүргендіктен қос азаматтың да бос уақыттары жоқ десе де болады.

Сонымен қатар Шу ауданынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Тұрсынбай Халықты да танымайтындар кемде-кем. Халық қалаулысының қандай жиынға қатысса да, сөйлемей қалған кезі жоқ. Өңірдің дамуына қатысты өткір-өткір мәселелерді қозғайды. Оның бірқатары оң шешімін тапты да. Сондықтан да болар, жерлестері оған ерекше құрметпен қарайды. Осы аймақта тұратын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әбдімомын Желдібаевтың да беделі биік. «Ерке сылқым» күйімен елге ерекше танылған өнер майталманы ізбасарларына білгенін үйретуден аянып қалған емес. Күйші-сазгердің таяуда Тараз қаласында өткізген шеберлік дәрісі де оның дәстүрлі өнерді дәріптеудегі ділгірлігін тағы бір мәрте байқатты.

Жуалы ауданында тұратын Аманжол қажы Дүрәлі де қол қусырып қарап отыра алмайтын қариялардың бірі. Ол алақанын жайып бата бергенде талайдың таңдайын қақтырады. Сондай-ақ белсенді қарт «Ақмеңтей» қоғамдық бірлестігін құрып, бірнеше жылдардан бері табысты жұмыс істеп келеді. Кейінгі жылдары тәуелсіз медиатор ретінде де ағайын арасындағы араздастықтың оң шешілуіне өзіндік  үлесін қосуда. «Ежелгі Тараз» ескерткіштері» қорық-музейін көп жылдар бойы жемісті басқарған руханият шырақшысы Тәкен Молдақынов та айтары бар азамат. Заманауи зейнеткердің  кейінгі уақытта «Фейсбук» әлеуметтік желісіне тіркеліп, пайымды пост жазуды қолға алғаны қуантады.

Белсенді қариялар әдебиет саласында да аз емес. Көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы жетпістің желкенін түрсе де, қаламын қолынан тастаған емес. Қаламгер республикаға таралатын әдеби-көпшілік  «Жамбыл» журналын шығарумен қатар, жастар шығармашылығын дамытуға да  баса көңіл бөліп келеді. Жазушы-драматург Елен Әлімжанның да ел игілігіне бағытталған еңбегі ерен. Сарысу ауданында тұратын қаламгер Пернебай Дүйсенбин де  әдеби дүниелерден бөлек, шежіре жинақтаумен шындап айналысуда. Сонымен қатар ол Сарысу ауданының тарихына қатысты да тұшымды туындыларын ұсынып жүр.

Көпті көрген қариялар кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге де айрықша атсалысуда. Бұл туралы таяуда өткен пленумда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев айтып берді.

        — Тараз қаласы мен өзге аудандарда жеке шаруашылығын шалқытып отырғандар аз емес. Олардың қатарында Тараз қаласындағы сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын «Галеника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрайымы Қатира Аққұлиеваны,  «Бином» ЖШС-нің директоры Серік Олжабаевты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, меценат-кәсіпкер Сембек Сейдәзімовті, қоғамдық көлік саласының жұмысын жолға қоюға атсалысып жүрген Мәмбет Күшікбаев пен Дмитрий Ильичевті, қымыз шаруашылығын қолға алған Дүйсенбек Ибінәлиевті, егін және мал шаруашылығын дамытуда мойынқұмдықтарға өнеге көрсетіп жүрген «Мерей» қожалығының иесі Несіпбай Еселбаевты және «Совет» шаруа қожалығының негізін қалаған Совет Қалманбетовті ерекше атап өтуге болады, — деді Еркінбек Бейсенбекұлы.

Білгеніміздей, заман ағымына қарай кәсіпкерліктің әлеуметтік және құқықтық мәні бар жаңа түрлеріне бет бұрған қариялардың да қатары көбейген.

          — Бұл ретте, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттанған жандардың дертіне дауа тауып, алғысына бөленіп жүрген белгілі кардиохирург Сейтхан Жошыбаевтың,  мейрамхана бизнесін дамытып отырған Марите Абілпаттаның, би өнеріне жас жеткіншектерді баулып жүрген  хореограф Светлана Төребекованың және  адвокаттар  Тоқтаған Ахметов пен Асқар Қуандықовтың еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Сондай-ақ, ұлтымызға тән құсбегілік және атбегілік өнерін өрге сүйреген Жапар Сатылғанов, Бауыржан Ешметов, Әлімхан Мақұлбеков, Әзімхан Жарылқапов, Бақыт Байтөле, Ердос Айтбаев, Батырхан Рысбеков сынды ардагерлеріміз бар, — деді Е.Солтыбаев.

       Иә, өздеріңіз байқағандай, қажыр-қайратының арқасында қоғамға пайдасын тигізіп отырған қариялар қатары қалың. Бұл қатарда білім, денсаулық сақтау, мәдениет, құқық қорғау, спорт сынды сан түрлі салаларда тынымсыз тер төккен лайықты азаматтар жетерлік. Дегенмен, шағын ғана шолуда олардың барлығын  тізіп шығу мүмкін емес. Ең бастысы, әулеттің ғана емес, әлеуметтің құрметіне бөленген қарияларымыз аман болсын!

Жаңабай ЕЛУБАЙҰЛЫ

           

      

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *