Жүк тасымалының жоспары ойдағыдай орындалуда

sdr

Экономиканы дамытуда теміржолдың атқаратын рөлі орасан. Былтыр  Жамбылда жүк тасымалының жоспары ойдағыдай орындалды. Пайдалану жүк айналымы былтыр неттомен есептегенде 26 194 миллион тонна/шақырым деп межеленсе, көрсеткіш нақты 26 938,214 миллион тонна/шақырымды құрап, жоспар 102,8 пайызға артығымен орындалған. Алайда 2017 жылғы жүк айналымы көрсеткішімен салыстырғанда былтырғы жоспар 5,5 пайызға аз шыққан. Бірақ бұл салыстырмадан былтыр жұмыс жүрген жоқ деген қорытынды шығаруға болмас.

Бастысы жүк тасымалының жұмысын көрсететін негізгі 16 көрсеткіштің ішінен вагондардың статистикалық жүктемесі нәтижелі орындалған. Айталық, жоспар бойынша былтыр бір вагонға 66,20 тонна жүк артылуы тиіс болса, ол 66,76 тонна/вагонды құрап, жоспар 100,7 пайызға шыққан. Жүк тасымалының артуына өңірдегі химия өнеркәсібінің үлесі аз болмағанын айта кеткен жөн. Мәселен, былтыр вагондарға тиелген 8 467,4 мың тонна жүктің 3 030,1 мың тоннасы – химия өнімдері мен минералды тыңайтқыштар. Бұл сала бойынша жүк тасымалы 108,9 пайызға жетсе, жалпы тиелетін жүк жоспары 99,7 пайызға орындалыпты.

Сондай-ақ, жергілікті вагон айналымының орташа уақытында да алға жылжу байқалған. 2017 жылы бұл көрсеткіш небәрі 89,7 пайызға шықса, былтырғы меже 95,9 пайыз орындалып, жоспардағыдан аз болғанымен бұрнағы жылдан көш ілгері.

Жүк вагонының орташа тәуліктік өнімділігі де бұрнағы жылдан жоғары. 2017 жылы – 93,6 пайызбен қалса, былтыр 96,5 пайыз өнімділік тіркеліпті.

Жалпы, локомотивтердің орташа тәуліктік жүрісі (99,6 пайыз), телімділік жылдамдық (99,7 пайыз), техникалық жылдамдық (100,3 пайыз), пойыздың орташа брутто салмағы (99,4), локомотивтің орташа тәуліктік өнімділігі (100,2) сынды негізгі көрсеткіштер жоспарға сәл ғана жетпей немесе болмашы ғана пайызбен асып тұрғанымен 2017 жылдың көрсеткіштерінен алға озған.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *