Эмомали Рахмон билікке ұлын дайындап жатыр ма?

Тәжікстан президенті  Эмомали Рахмонның отбасы мен туған-туыстары жөнінде кезінде батыс басылымдары бірқатар жағымсыз әңгімелер жариялады. Атақты «Викиликс» сайты Эмомали Рахмон отбасына елдегі ірі банктер мен алюминий зауыты тиесілі екендігін жазды.

Ел шулаған тағы бір мәселе 2016 жылдың басында ел астанасы Душанбе қаласының мэрі қызметіне Эмомали Рахмон өзінің 28 жастағы үлкен ұлы Рустам Эмомалиді қоюымен байланысты болды.

Ресейде білім алып, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгерген Рустам әкесінің арқасында қысқа мерзімде Тәжікстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті, елдің кеден комитетін басқарып үлгерді. Ал, баласы Душанбе қаласының мэрі болғанда көптің төбесінен жай түскендей болды. «Эмомали Рахмонның ендігі мақсаты – билікке өз ұлын дайындау» дейді кейбір сарапшылар.

Сондықтан да, қазір көптеген жиналыстарда Тәжікстан президенті Эмомали ұлы Рустам Эмомалиді қасына ертіп жүреді. Оған елдің көзінше нақты тапсырмалар беріп, халық алдындағы беделін арттыруға тырысады. 2020 жылы Тәжікстанда өтетін президент сайлауы кезінде Рустам Эмомали 32 жаста болады. Яғни, Тәжікстан конституциясына сай оның президенттік сайлауға түсуге мүмкіндігі де пайда болмақшы.

Айтпақшы; Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өзінің басқа да президент әріптестеріне қарағанда 9 баланы өмірге әкелген көпбалалы отағасы. Сонымен қатар, ол діни ұстанымға да берік азамат. Рахмон осы уақытқа дейін 4 рет қажылықта болған адам.

Бұл оның өзге әріптестерімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Қызықты ақпарат: Эмомали Рахмон 2006 жылы тәжік ауылдарының біріндегі мектептерді аралау кезінде бірнеше жергілікті мұғалімдердің аузынан алтын тісті байқап, оны кейін сүйек тіске ауыстыру жөнінде шұғыл тапсырма берген екен. Бұл әрекетті президент былайша түсіндірген: «Егер, халықаралық ұйымдар әр тәжік мұғалімінің аузындағы алтын тісті көретін болса, олар бізді бай мемлекет деп ойлап қалуы мүмкін. Сонда біз шет елден келетін көмектен қағылуымыз да ғажап емес». Нәтижесінде, қазір тәжік ұстаздары мүлдем алтын тіс салдырмайды…

Айбол ҚАРАШОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *