«Электронды үкімет» туралы  ерекше шара

  

         «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облыстық филиалының мамандары Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында тұрғындарға «Электронды үкімет» порталы және оның атқаратын қызметтері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мемлекеттік корпарацияда жалпы 621 қызмет көрсетілсе, соның 452 қызмет түрі электронды негізде. Шара барысында қызметкерлер халықты бір реттік смс құпиясөз арқылы орындалатын 44 мемлекеттік қызмет түрімен таныстырды.

Бүгінде тұрғындар мемлекеттік қызмет түрлерін халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ «Электронды үкімет» порталы арқылы  мемлекеттік қызмет түрін таңдап, өзіне керекті құжаттарды тез арада алуға болады. Осы арқылы Қазақстан азаматтарының қаражаттарын үнемдеп, ешқандай кезексіз уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндіктері бар. Шара барысында 80-ге жуық маман түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, 25 қызметкер арнайы киім үлгісімен келіп, мобильді қосымша MGOV-қа тіркеумен айналысты.

Шара барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Зейнел-Нәби Сұлтанбаев журналистерге аумақтық құрылымдардың біріктірілуі туралы айтып берді.

 -Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы директорлар кеңесінің хаттамасына сәйкес, облыстағы аумақтық құрылымдар біріктірілген болатын. Яғни, «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Әлеуметтік ведомствоаралық  есептеу орталығы», «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру орталығы» бірігіп, 2018 жыдың 14-мамырынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы болып аталдық. Бүгінгі кең көлемді түсіндіру жұмыстары филиал құрылғаннан кейінгі алғашқы  шарамыз,-деді З.Сұлтанбаев.

-Біздің бастамамызбен Жамбыл облысының 80 пайыз тұрғыны 2018 жылдың соңына дейін цифрландыру бойынша ақпараттандырылатын болады. Яғни, оларға оқыту жұмыстарын жүргіземіз. Оқыту жұмыстары мекемелерде, ЖОО мен мектептерде, онымен қоса шалғай аудандарда да жүргізілетін болады. Айта кетерлік жайт, ауылдық аймақтардағы әкімдіктерде «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышы бар. Сол жерде тұрғындардың  электронды негізде  қажетті  анықтамаларға қол жеткізуіне болады,— дейді филиалдың PR менеджері Ақнұр Сұлтанбекова.

Шара барысында  мамандар жалпы 100 адамды «Электронды үкімет» порталына тіркеуді жоспарлаған болса,  бұл тізім  1-сағаттың ішінде-ақ асып жығылды. 

Сәндібек ПІРЕНОВ

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *