Таңдаулы жаңалықтар:

Вакцина – оразаны бұзбайды

Исі мұсылманның асыға тосқан қасиетті айы — Рамазанның басталуымен қатар, бүгінде өзекті болып отырған екпе егу мәселесі де көпшілік арасында айрықша талқыға түсуде. Бұл орайда көптеген қазақстандықтар секілді шымкенттіктерді де мазалаған әрі талайды толғандырған сауал: «Екпе қабылдау – оразаны бұза ма?». Біз бұл сауалға жауап іздерде, әлеуметтік желіде кең қолдауға ие болған бірқатар парасатты жазба-пікірлерге тоқталуды жөн көрдік.

Шымкент қаласы орталық мешітінің «Инстаграмм» әлеуметтік желісіндегі «shymkent.imamdary» атты парақшада бұл сұраққа нақты әрі толық жауап беріліп кетіпті. Ондағы соңғы жазбаға сүйенетін болсақ, былай делінген:

«Негізінде шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Бұл туралы «Фәтауа Һиндия» кітабында «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» делінген (1 том, 266-бет). Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (Алла оларды рақым етсін) бұл жайында: «Қарындағы және бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені (ораза бұзылу үшін оған қолданылатын) дәрі ішке негізгі (табиғи) жолдармен баруы шарт. Ал ішке баратын жолдың тығыздығынан және емделу барысында оның бітеліп қалуынан жара арқылы дәрінің ішке жетуі екіталай», – деп тұжырым жасайды («Әл-фиқһ әл-ханафи уә адилләтуһу», 1/392)».

Сондай-ақ, жазбада қазіргі заман ғалымдары екпе арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) етіп, екіге бөліп қарастырады. Олар: «Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) ине салса, ауыз ашылмайды», – деп айтады. Бірақ көк тамырға екпе салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Ғалымдардың көбі «Тамырға салынатын ине денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды» дейді («Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 276-бет).

«Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды»,-делінген жазбада.

Сол секілді Еркеғали Бейсенов секілді әлеуметтік желі қолданушысы өзінің «фейсбук» парақшасында былай деп жазады:

«Коронавирустың күн сайынғы «қорқынышты» мәліметтері кез келген адамды бәрібір бей-жай қалдырмады. Адамдар сақтықтық шараларына саналы түрде мән бере бастады. Қазіргі уақытта ауруханаларда екпе салдыруға келген адамдардың қарасы қалың.

Миллиондық мегаполис тұрғындарына екпе салу сәуірде басталды. Осы уақытқа дейін күніне 5000 адам вацина қабылдап жатыр»,-деген.

Сондай-ақ, ол алғашқыда 30 000 дана доза жеткізілгенін. қаланың әр аумағында бас-аяғы 37 екпе егу пункті ашылғанын жазып өткен. Әкімшіліктің дерегінше, әзірше екпе салу орындары жеткілікті және барлық емханалар мен ауруханалар таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істеуде. Тіпті, сенбі-жексенбі күндері күшейтілген режимге көшкендігін де назардан тыс қалдырмаған.

«Имамдар вакцина салдырғаннан Оразаның бұзылмайтынын мәлімдеді. Пәтуаға сүйенсек, вакцинация ауызды тыйған қасиетті айда ағзаға дене сыртынан енетіндіктен, ауыз бекіткендердің ниетіне кері салдары жоқ»,-деп түйіндеген Е.Бейсенов өз ойын.

Ал, Диас Нұракын атты желі қолданушысы Шымкент түрмесіндегі жазасын өтеушілер де вакцина ектіруге ерік білдіре бастағанын жазған. Кешелі бері темір тордың ішіндегі 50-ге жуық адам вакцина салдырып үлгергенін, жазасын өтеушілер ғана емес, түрме қызметкерлері де жаппай екпе салдыруда екенін мысалға алған.

«Айтпақшы вакцина оразаны бұзбайды. Яғни имамдар ауыз бекіткен адам да екпе салдыруға болады деген пәтуа беріп отыр. Өйткені вакцина ағзаға қорек болатын, азық болатын дәрумендер қатарына жатпайды. Сондықтан вакцинаны ораза біткесін аламын деп уақыт созып алмайық. Коронавирус деген пәле біздің ауыз ашқан күнімізді күтіп отырмайды»,-деп келтірген Д. Нұрақын.