Ұлықбек Есдәулет Жазушылар одағы туралы бар шындықты жайып салды

Күні кеше Жамбыл облысына келген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жергілікті қаламгерлермен кездесу кезінде жаңа қызметінде жұмысты неден бастағанын әңгімеледі. Сонымен қатар ұйымның қарызынан құтылу оңайға соқпағанын айтты.

Жұмысымызды ең алдымен Наурыз мерекесін ұйымдастырып өткізуден бастадық. Өйткені, сонау 1996 жылдан бері Жазушылар одағында наурыз мерекесі өтпепті. «Мұндай Наурызды одақтың ұмытқаны қай заман?» деп қариялар батасын берді. Жазушылар одағына бұрынғы басшылықтан қазына да, қарыз да қалды. Жасырып-жабатыны жоқ, мен қызметке келгенде одақтың 57 миллион қарызы бар екен. Жарты жыл айлық төленбепті. Қазір айлық төлеп келеміз.  Осы мәселемен Үкіметке шықтық. Келер жылы Қазақстан Жазушылар одағына  85 жыл толады. Соны халықаралық деңгейде үлкен шара етіп өткізу мақсатында Азия қаламгерлерінің бірінші форумы дейтін дүниені жоспарға қосып, ол қазір бюджетке еніп тұр. Қаржыландыру жөнінде Үкімет басшысы тапсырма берді. Бұл енді сонау 1979 жылдары өткен Азия, Африка жазушыларының бесінші конференциясынан кейінгі біздің Қазақстанда өтетін ең ірі әдебиеттің шарасы болады деп есептеп отырмыз. Оның бергі жағында кішігірім халықаралық шараларды өткізіп жатырмыз. Өткенде Астананың 20 жылдығына орай халықаралық поэзия форумын өткіздік. Оған біраз мемлекеттерден, Австралиядан, Франциядан ақындар қатынасты. Өзіміздің де көрнекті ақындарымыз атсалысты. Еуразия әдеби форумын қолға алдық. Ол осы айдың 20-21-де Астанада екі күн бойы өтеді. Оған көптеген елдерден ақын-жазушылар келе жатыр. Бұл бір жағынан Астананың дәулетін, сәулетін, екіншіден Қазақстанның келбетін таныту мақсатында ұйымдастырылмақ,-деді одақ төрағасы.

Ұлықбек Есдәулет кейбір қазақ ақындарының шетелдік қаламгерлер алдында сөйлей алмай қалатынын да ашып айтты.

-Өз қазанымызда қайнай бермей, сыртқы дүниелермен, басқа елдердегі әдебиетпен байланыс орнату мақсатын бетке ұстап отырмыз. Кейбір біздің қомпайып жүрген ақындарымыз шетелдік қаламгерлердің алдында сөйлей алмай қалып жатады. Оған білім мен өре керек. Терезесі тең болып сөйлесетін қайраткер, қаламгерлер қажет. Сондықтан Дулат Исабеков, Есенғали Раушанов, Ақберен Елгезек сияқты шетелдермен әдебиет мәселесін бірге ортаға сала алатын азаматтарды жас ұрпақтан тәрбиелесек деген ойымыз бар.

Биыл күзге таман зейнет жасындағы қаламгерлерді кәсіподақтың шипажайларында едәуір жеңілдіктермен демалдырсақ деп жоспарлаған болатынбыз. Тізім беріңіздер деді. Сөйтсем одақ мүшелігіндегі  800 жазушының 500-і зейнеткер болып шықты. 200-і  зейнет жасына жақындап қалғандар. Тек жүзі ғана 45-50 жастағылар. Осылайша Қазақстан Жазушылар одағы  тек қарт қаламгерлердің, жасы қатайып кеткен жазушылардың одағы болып шықты. Жас күштер қайда? Поэзия жас кезде жазылатын еді ғой? Жазушыларымыз неге қартайып кеткен деп секем алып қалдым. Сөйтсем, жастарымыз жоқ емес, бар екен. Бірақ, осы күнге дейін қолдау көрсетіліп, көңіл бөлінбеген. Осылайша Мәдениет және спорт министрлігі жанынан жас жазушылардың кеңесі құрылды. Оның төрағасы министрдің өзі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Кеңестің барлық жұмысын жүргізетін орынбасарым Ақберен Елгезек болып белгіленді. Жазушылар одағына қабылдау комиссиясы құрылып, онда жиырма шақты жас одаққа қабылданды. Біраз жобаларымыз үкімет тарапынан мақұлданып, қаржыландырылып жатыр. Ең бастысы – жастарға жаңаша ойлап, жаңаша жазуға жағдай жасауымыз қажет,-деді Ұ.Есдәулет.

Айта кету керек, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл жеріндегі  көшпелі отырысы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен болатын.

 

 

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru