Таңдаулы жаңалықтар:

ТУҒАН ЕЛГЕ ТАҒЗЫМ-2021. ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ТУҒАН ӨЛКЕНІҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЕН ТЕРЕҢ ТАНЫСУДА

NIS жүйесінде ең қызықты жобалардың бірі — «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы басталды.
«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы — Зияткерлік мектептердің патриоттық тәрбие беруде маңызы зор дәстүрлі жоба. Жыл сайын NIS-тің үздік оқушыларынан құралған экспедициялық топ еліміздің түрлі аймақтарына саяхаттап, сол жердің табиғатын, мәдениетін, тарихи ескерткіштері мен архитектуралық нысандарға зерттеу жүргізіп, ғылыми жаңалықтар ашуға дағдыланады.

Экспедиция аясында Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Түркістан облысы және Шымкент қаласы тарихымен танысуға арналған танымдық экскурсияға шықты.
Жас өлкетанушылар экспедиция маршруты бойынша алғашқы күні өлкенің көне мәдени мекемелерінің бірі болып табылатын тарихи-өлкетану мұражайы мен «Әдет-ғұрып, салт дәстүрлер» орталығына барды. Мұражай жетекшілері тарихи жәдігерлер жайындағы деректермен тереңірек бөлісті.

 

Ары қарай зияткерлер Асанбай Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағын аралады.
Сондай-ақ Шымкент қаласындағы өндіріс орны – отандық фармацевтика саласының көшбасшысы, 135 жылдық тарихы бар «Химфарм» АҚ фармацевтикалық компаниясымен танысты.
Айта кетейік, жоба аясында 1-5 қараша аралығында Шымкенттік зияткерлер Түркістан облысының тарихи, мәдени және инновациялық дамуын тереңірек зерттеп, «Ғайып ерен қырық шілтен» мәдени орнына, «Цитадель» қалашығына, «Бөрте Милка» ЖШС сүт зауытына, Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы облыстық спорт мұражайына, «Отырар төбе» қалашығы мен Қожа Ахмет Яссауи (Әзірет Сұлтан) кесенесі, Шығыс моншасы тарихымен танысады.