Таңдаулы жаңалықтар:

«ТӘУЕЛСІЗДІК БАБАЛАР АМАНАТЫ» АТТЫ ЖАС АҚЫНДАР АРАСЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КҮМІС ДОМБЫРА» АЙТЫСЫНЫҢ ИЕГЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік бабалар аманаты» атты жас ақындар арасындағы республикалық «Күміс домбыра» айтысы өтті.

Аталмыш айтыстың мақсаты: Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жеткен жетістіктерін насихаттау, жас ақындардың ішкі мүмкіндіктерін ашып, шабыттарына қанат бітіру. Рухани күштің маңызды бөлшегі болып есептелетін төл өнеріміз айтыстың жас буындар арасында, жаңа есімдермен толығуына үлес қосып, дарынды жастарды қолдау. Ақындардың шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Ақындар арасындағы айтысқа Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Жұмабекұлы, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, белгілі айтыскер ақындар, оқу орындарынан белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Айта кетсек ережеге сәйкес аталмыш айтысқа республиканың 14 пен 29 жасқа дейінгі 30 айтыскер ақын қатысуға ниет білдіріп, іріктеу нәтижесі бойынша 16 ақын додада бақтарын сынады. Ал ақындарға өз бағасын беріп, қазылық еткен әділ-қазы алқасы белгілі айтыскер ақындар мен елімізге танымал қоғам белсенділері болды.
Дүбірлі доданың бірінші кезеңінде (түске дейін) 16 ақын бір-бірімен жұптасып 8 жұп 20-25 минут көлемінде айтысты. Қазылар алқасының шешімімен финалдың келесі кезеңіне 6 ақын жолдама алды. Ал финалдық кезеңде (түстен кейін) жалпы 3 жұп 15 минут көлемінде айтысып, жеңімпаз анықталды.

Айтыс нәтижесі бойынша 16 ақынның ішінен оза шапқан жеңімпаз Нұрмахан Жақыпбек — Ақмола облысы бас жүлде «КҮМІС ДОМБЫРА» иегері атанды. Жеңімпазға күмістен жасалған домбыра және бағалы сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ, І — орын Айшолпан Төлеутай — Шығыс Қазақстан облысы, ІІ — орын Бексұлтан Орынбасаров — Қызылорда облысы, ІІІ — орын Мейіржан Жақып — Түркістан облысы және Нұрғали Әнапия — Шымкент қаласы атанды. Ал «Майлықожа Сұлтанқожаұлы» атындағы арнайы жүлде иегері Бекжан Базарбек — Алматы қаласы және «Әселхан Қалыбекова» атындағы арнайы жүлде иегері Айым Асылбекқызы — Нұр-Сұлтан қаласы алды. Сонымен қатар барлық жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар табысталды.

Кеште барлық санитарлық — эпидемиологиялық талаптар сақталып, барша қатысушылар Ashyq қосымшасы арқылы кіргізіледі.